ПАРСЫ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚАЛАЛАРЫ

27 Тамыз 2014, 04:15

ПАРСЫ ЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚАЛАЛАРЫ

Ортағасырлық араб, парсы, түркі жазба деректерінде Түркістан, Шымкент, Баласағұн, Меркі, Сарай, Алматы, Тараз, Жаркент тағы басқа қалалар мен елді мекендердің есімдері аталады. Мұндай деректердің кездесуі ислам діні түркі, араб, парсы елдерінің ортақ дініне айналған соң олардың арасында тек саяси ғана емес, экономикалық, мəдени байланыстардың да жан-жақты дами түскенін көрсетеді. Аталған қалалардың ішінде Тараз қаласы парсы тіліне тəржіма болған араб жазба дерегінде алғаш рет жазылған. Ол арабша түпнұсқасы жоғалып кеткен Нəршахидің «Бұхара тарихы» атты кітабы. Онда Тараз патшасының ислам дінін қабылдағаны жайында айтылады. Кітапта автор: «Əмір Насыр қайтыс болған соң Халифа Мұһтзедбелла Маураннəһрдің билігін марқұмның бауыры Əмір Исмайыл Саманиға тапсырды. Ол сол 280 (893ж.) жылы Тараз жорығына шықты. Көп тауқымет көрді. Соңында Тараз патшасы қаладан сыртқа шықты. Ислам дінін көптеген диқандармен бірге қабылдады. Тараз қақпасы ашылды. Үлкен шіркеу бас мешітке айналды. Əмір Мүмінин Мұһтəзедбелланың атына хұтпа оқылды. Əмір Исмайыл көп олжамен Бұхарға оралды. Жеті жыл патшалық құрды, Маураннəһрдің билеушісі болды» деп жазған. Содан Тараз қаласы парсы жəне араб тілдеріндегі көптеген тарихи-əдеби шығармаларға енді. Мəселен, Тараз жайында ибн Хордадбеһ (820-913), Құдама ибн Жағфар (Х ғ.), Əл-Истахри (850-934), ибн Хауқал сынды тарихшы ғалымдар қалам тербеген. Ибн Хауқал патшалық еткен дəуірде 943 жылы Бағдадтан сауда жəне саяхат мақсатында шығып, ислам мемлекеттерін жиырма сегіз жыл бойы аралап шықты. Барлық көрген-білгендерін «Əл- Масалек – Əл-Мамалек» (Жолдар мен елдер) атты еңбегінде жазып қалдырды. Əл-Мұқəддəси (Х ғ.), Əл-Идриси (1100-1165) сынды ғалымдар араб тілінде жазды.

Сондай-ақ Əбу Сəһд Самани (1113-1167) Х-ХІ ғасырлар аралығында Тараздан шыққан бірнеше ғалымдар жайында жазған. Шығыстанушы, профессор Ə.Дербісəлі араб деректері бойынша Тараздан шыққан ондаған ғалымдардың өмірі мен шығармашылығы жайында көлемді материал жариялады. XІІІ ғасырда жазылған «Тарих жаһангошай» (Əлемді жаулаушының тарихы) кітабының əйгілі авторы Ата Мəлік Жовейни де Тараз шаһарында болғанын жазған.

Мырза Хайдар Дулат (1499-1551) «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде Тараз қаласының есімін бірнеше жерде атайды. Біріншісі өзінің төртінші атасы Əмір Сейіт Əлінің Таразда болғанын жазған. Онда: «Əмір Сейіт Əлі жəне оған қатысты хикаялар жөніндегі əңгіме» тарауындағы Əмір Сейіт Мырза Ұлықбектің оны өлтіру ниетімен жасалған айла-шарғысын дəруіштің кейпінде əкесі Əмір Құдайдадтың жанына Моғолстанға қашып барар жолында «Ианги аталып жүрген Таразға» дейін барғанын жазды. Тараз жайында екінші рет Есенбұға хан Əмір Темірдің шөбересі Əбу Саид Маураннəһрде патша болғанда кезекті бір жорығында оның қуғыннан қашып, «тарихи кітаптарда Тараз деп жазылған Иангиге дейін» барғанын жазған-ды.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: