27 Тамыз 2014, 04:20
Тараз өзіне тəн ерекшеліктерімен парсы ақындарының жыр шумақтарына арқау болды. Парсының Рудаки (ХІ-941), Фердауси (941-1011), Əсади Туси (ХІІ), Фəррохи Систани (Х-1038), Горгани (т.ж. белгісіз-1074), Мəсһүд Сəд (1048- 1101), Сузани Самарқанди (ХІІғ.), Хақани Шервани (1126- 1199), Санаи (ХІ-ХІІғ.), Дəқиқи (ХІ), Əнвəри (ХІІ) сынды ақындары Тараздың аруларын, шеберханаларын, арғымағын, сəнді базары мен киімдерін жəне батырларын өз бəйіттеріне өзек еткен. Бұл да болса Тараз тарихында мақтанарлық көптеген дүниелер болғанын айғақтайды. Сондықтан Тараз қаласының көрікті қырларын жырлаған Иран ақындарының қысқаша өмірбаянына тоқталып, олардың Тараз туралы жырлаған өлең жолдарымен нақтырақ таныстырайық.
Рудаки – толық аты-жөні – Əбу Абдолла Жафар ибн Мұхаммед ибн Хаким ибн Əбдірахман ибн Адам. Самарқанның Рудак ауылында ІХ ғасыр ортасында дүниеге келіп, 941 жылы қайтыс болған. Кейбір зерттеушілер тумысынан зағип болған десе, екінші біреулері дүниеге келгеннен кейін жанарынан айрылған дейді.
Рудаки Əмір Насыр Самани (908-914 ж. билік кұрған) сарайында болып, оның ықыласына бөленген, одан көптеген сыйлықтар алып отырған. Ол парсының жаңа поэзиясының негізін қалаушы болғандықтан оны «парсы поэзиясының атасы» деп атаған. Ең маңызды еңбегі – «Кəлила мен Димна» жыры болып табылады. Ақын сондай-ақ мəснəуи, қасида, қита, ғазал, рубаи, т.б. сол сияқты əртүрлі жанрда өз шеберлігін көрсете білген. Иран-тəжіктің əйгілі ақыны Тараз сұлуларын ерекше бағалаған:
Қандай пайда табасың жүзіңді бұрып михрабқа,
Бар көңілің бөлінсе Бұхар мен Тараз аруларына.
Келесі бір бəйітте Таразды былай бейнелейді:
Жаһаннан аздау үлес ап, қанағат етіп, қаласаң,
Рейден Таразға дейін уысыңа ал, көңілің тоқ боп қаласың.
«Дүниеқор болып Ирандағы Рей қаласынан қазақ жеріндегі Тараз қаласына дейінгі аралықты өзіңе қаратып алсаң да өз еркің, көңілің тоқ болып, əлемнен аз ғана қажетіңе жарар мүлікке қол жеткізсең де өз қалауың» деп, ақын патшаға ескертеді. Адамзаттың пенделік тойымсыздығын естен шығармауды жөн көреді. Фирдауси – Хаким Əбілқасым Фирдауси Тус аймағындағы Баж ауылында 941 жылы дүниеге келген. 35 жасқа толғанда 976 жыл шамасында «Шаһнамені» жырлай бастаған. Жасы 70-ке жеткенде дүние салған.
«Шаһнамеде» Иранның исламнан бұрынғы ежелгі патшаларын 4 əулетке бөліп қарастырған. Олар: Пишдадтар, Кияндар, Əшкандар, Сасандар. Алғашқы екі əулет, яғни Пишдадтар мен Кияндар «Əвеста» жəне жалпы үнді-еуропа аңыздарында айтылған. Ал, үшінші əулет, яғни əшкəндар «Шаһнамеде» тек қана 18 бəйітте жырланған. Сасандар дəуірі нағыз шынайы тарихи дəуір ретінде «Шаһнаменің» негізгі сюжеті болып табылады.