Парламенттік комиссия қандай мақсатпен құрылды? Сенат төрағасы жауап берді

6 Қазан 2023, 11:34 1020

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге мүдделі екенін айрықша атап өткенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы еліміз үшін аталған мақсаттарға қол жеткізу ұлттық басымдыққа ие екенін де айтты. Мемлекеттік органдар осы бағытта біраз іс-шараны жүзеге асыруда. Әрине, орнықты даму мақсаттарына жету оңай міндет емес. БҰҰ-ның дерегі бойынша қазіргі таңда әлем 2030 жылға дейінгі күн тәртібін жүзеге асыруда айтарлықтай қалып келеді. Бүгінде әлем елдері даму мақсаттарында көзделген міндеттердің 15 пайызын ғана кестеге сай орындап отыр. Ал міндеттердің 30 пайызға жуығы бойынша көрсеткіштер 2015 жылғы бастапқы деңгейден ілгері жылжымаған. Тіпті кей жағдайда төмендеп те кеткен, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ төраға бұған көбіне соңғы жылдары әлемде болып жатқан жаһандық сын-қатерлер себеп екенін айтты.

Өкінішке қарай, мұндай жағдайдан біздің еліміз де қалыс қалып отырған жоқ. Біз 2015 жылмен салыстырғанда 8 мақсат бойынша көрсеткіштерімізді төмендетіп алдық. Бұл ерекше алаңдайтын жағдай. Өйткені әр көрсеткіш азаматтарымыздың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан Парламент Үкіметпен азаматтық және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, мақсаттарға қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізеді. Парламенттік комиссия дәл осы мақсатпен құрылды. Сондықтан осы алаң аясында белсенді бірге жұмыс істейміз деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: