«Парламентте жұмыс істеуге мүмкіндік бердік». Перуашев экс-депутат Садықов туралы айтты

11 Қыркүйек, 13:17 493

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев экс-депутат Асқар Садықовтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер Азат Перуашевқа «Асқар Садықов өзіне тағылған айыпты әлеуметтік желіде жоққа шығарып жатыр. Бұл жағдайға қатысты не айтар едіңіз?» деп сұрақ қойды.

Бұл жағдай мен үшін өте жағымсыз оқиғаның бірі. Естеріңізге сала кетейін, Асқар Садықовты партиядан 1 шілдеден бастап шығарған болатын. Біз 2 ай бұл мәселені көтермедік. Пленарлық отырысқа келген күнімізде сіздердің әріптестеріңіз осы мәселеге қатысты сұрап, бұның харасментке жататынына қатысты сауал қойған болатын. Ол кезде бұл ақпарат тарап кеткен еді. Қазір ол (Асқар Садықов – ред) барлығын жоққа шығарып жатыр. Мені диктатор ретінде көрсетуде. Бірінші күні менен бұл мәселе туралы сұрағанда «ішкі тәртіпті бұзғаны үшін» деп мәлім еттік. Бұл тәртіптер жұмысқа да тікелей қатысты. Егер ол: «мен депутат ретінде кімге не айтқым келеді, соны айтамын» деп ойласа, онда ол қатты қателеседі. Сондықтан біз оны депутаттық мандатынан айырдық. Хаттарды алған әріптесіміз оны сотқа толығымен тарта алады, - деді мәжілісмен.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Асқар Садықовпен арасындағы достық байланыс жайлы сұраққа жауап берді.

Дос деп айта алмаймын. Себебі ол Ақтөбеде жұмыс істеді. Бірақ 10 жылдан астам уақыт таныспыз. Біздің партияның ең маңызды ұстанымдарының бірі шалғай қалаларда, аймақта істейтін әріптестерімізге өсуге, Парламентте жұмыс істеуге мүмкіндік бердік. Сеніміміз ақталмады. Бірақ бұл бірінші жағдай емес. Естеріңізде болса, бұған дейін соғысты қолдаған әріптесімізді де партиядан шығардық. Сотты, құқық қорғау органдарының ұстауын күтпей өзіміз әділетсіздікті көргеннен кейін бірден осындай шешім қабылдадық. Ол үшін өз партиядағы әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді, - деді Перуашев.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты болған Асқар Садықовтың депутаттық мандатынан айырылғанын жаздық.

Миражан Махан
Бөлісу: