Парламент депутаты қызылордалықтарға «Педагог мәртебесі туралы» заңның негізгі басымдықтарына түсінік берді

8 Қаңтар 2020, 17:24 2707

ҚР Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан депутат болып сайланған Наталья Жұмаділдаева Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді.

Достық үйінде парламентарий «Педагог мәртебесі туралы» заңның негізгі басымдықтарына арналған жиынға қатысып, «Педагог мәртебесі» деген ұғымның мемлекеттік деңгейде көтеріліп, алғашқы қабылданған құжат екенін жеткізді.


Н.Жұмаділдаева «Бұл заң – ұстаз атаулының қоғамдағы беделін көтере отырып, елдегі дәстүрлі білім культін одан сайын жетілдіре түседі. 2021 жылдан бастап педагогтің нормативтік оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендейді. Бұдан басқа мұғалімдер үшін кешенді әлеуметтік лифт қарастырылған.

Егер мұғалім халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстары жеңімпазын әзірлесе, үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы алады. Сондай-ақ, магистр деңгейінде мұғалімдердің жалақысына үстеме қосылады. Қоғам үшін маңызды шарт – педагогтің лайықты жалақысы мен оларға тиісті әлеуметтік пакет. Жалақы педагогтің еңбек өтіліне, дәрежесі мен атағына, лауазымына сай кесте бойынша төленеді. Бұл ретте еңбек демалысы, жүктемесі, медициналық сақтандыру қатаң ескеріледі»,- дей келе аталмыш Заң білім саласына үлкен серпіліс әкеліп, педагогтардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуына кепілдік беретіндігін ортаға салды.

Жиын соңында қатысушылар депутатқа өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауаптарын алды.


Бөлісу: