Париж олимпиадасының бойтұмары Астанада

29 Ақпан, 12:26 1685

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесспен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық жөніндегі штаб қабырғасында өтті.

Кездесу барысында екі елдің өкілдері алдағы Олимпия ойындарын ұйымдастыру, өткізу барысын талқылады. Франция елшісі Олимпиаданың ресми бойтұмарын табыс етіп, Астанада Париждегі ойындарға арналған мурал салу туралы жоспарын айтты.

Франция 2022 жылдан бері Олимпия ойындары қарсаңында Олимпиада қағидаттарын насихаттау мақсатында «әлем бойынша эстафета» спорттық іс-шарасын өткізіп келеді. Министрлік бұл бастаманы жыл сайын қолдайды және биыл наурыз айына жоспарланған эстафетаны ұйымдастыруға көмектесуге дайын. Министр аталған іс-шара аясында Париждегі Олимпиадаға билет ұтысын ұйымдастыруды ұсынды.

Кейінгі жылдары Қазақстан мен Франция спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді. 2024 жылғы 2-6 ақпанда Париж қаласында өткен дзюдодан Grand Slam жарысына Қазақстан құрамасы қатысып, қола медаль жеңіп алды. Үш дүркін Олимпиада чемпионы, 12 дүркін әлем чемпионы, 5 дүркін Еуропа чемпионы Тедди Ринер Қазақстан құрамасымен бірге бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысты.

Министр Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық дайындық базасында екі ел спортшылары арасында бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ ведомство басшысы франциялық делегацияны және спортшыларын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

Сондай-ақ Ермек Маржықпаев ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі туризм екенін атап өтті.

Франция – бүкіл әлемдегі туристер үшін ең тартымды елдің бірі. Көптеген музей, ортағасырлық ғимараттар, табиғи ландшафттың таңғажайып әралуандағы кез келген туристі бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Біздің еліміз де қолайлы географиялық жағдайға ие екенін айтқым келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар ел аумағының 10%-дан астам жерін алып жатыр. Қазақстанда заманауи туриске қажет дүниенің бәрі бар деп сеніммен айта аламын. Біз Франциядан келген туристерді қабылдауға және еліміздің бірегей табиғатын көрсетуге дайынбыз, - деді Ермек Маржықпаев.

Министр Қазақстан мен Франция арасындағы туристік ағымды одан әрі ұлғайту үшін тікелей рейстерді іске қосу және Қазақстан азаматтарына туристік визалар беру рәсімін жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кездесу соңында Франция елшісі Дидье Канесс екі елдің туризм және спорт саласындағы ынтымақтастығына қызығушылық білдіріп, Қазақстан спортшыларына Париждегі Олимпия ойындарында табысты өнер көрсетуін тіледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: