Париж Олимпиадасы: Валентина Хальзова есе жіберді

1 Тамыз, 01:25 554

31 шілде күні Пари Олимпиадасында сынға түскен отандастарымыздың нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үстел теннисі: Үстел теннисінен Ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко 1/8 финалда Мысыр спортшысы Омар Мұхаммади Ассардан жеңіліп қалды. Есеп: 2-4 (11-8, 11-6, 10-12, 10-12, 9-11, 3-11).

Стенд ату: Стенд атудың трап бағдарламасының іріктеу кезеңінде бақ сынаған Мария Дмитриенко 120 ұпаймен 10-орыннан көрініп, финалға шыға алмады.
 
Бокс: Махмұд Сабырхан (57 кг) алғашқы жекпе-жегінде Испания өкілі Хосе Кильес Бростонсқа жол берді. Үш раундтан кейінгі төрешілер есебі: 1-4.

Валентина Хальзова Париждегі алғашқы жекпе-жегінде Атейна Билонға (Панама) жол берді. Төрешілер есебі: 1-4.  

Нысана көздеу: Винтовкамен 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеуде ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салған Ислам Сәтпаев 588 ұпай жинап, 18-сатыға тұрақтады. Ал Константин Малиновский 586 ұпаймен 25-орыннан көрінді.

Триатлон: Екатерина Шабалина триатлоннан сынға түсіп, мәреге дейін жете алмады. Ол Сена өзенін жүзіп өткенімен, велосипедпен 3 шақырымдай жүрген соң сайыстан шығып қалды.

Спорттық гимнастика: Спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы көпсайыстың финалында бақ сынаған Милад Карими жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Ол алты жаттығуда 76.065 ұпай жинап, 24-орыннан көрінді.

Олимпиаданың бесінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: