Париж-2024: Ойындардың басталуына 158 күн қалды

19 Ақпан, 18:11 2381

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Олимпиада ойындарына дайындық Штабы өз жұмысын жалғастыруда. Бүгін ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясы мен ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдерімен біріккен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Бүгінде Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 19 жолдама бар (садақ ату - 4, тас жолдағы велоспорт - 3, нысана көздеу - 5, қазіргі бессайыс - 2, бокс – 2, грек-рим күресі - 1, еркін күрес - 1, спорттық гимнастика - 1). Жоспар бойынша 25 спорт түрі бойынша лицензиялардың санын 90-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Сондай-ақ, жүлдеге үміткер 54 спортшыдан тұратын тізім жасақталды. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігін ескере отырып, жеке жоспар бойынша дайындалады. Бір сөзбен айтқанда - олар ештеңеге мұқтаж болмайды. Олимпиада алдындағы тестілік жарыстарға қатысу да маңызды екені тілге тиек етілді. Әр спорт түрінің жарыс кестесіне сәйкес, командалардың Парижге ұшып бару уақыты бекітілетін болды.

Сонымен қатар, ұлттық құрама спорт киімі үлгісінің дизайнын бекітіп, оны дайындау ерекше назарда болатыны ескерілді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 17 сәуірде бүкіл ел бойынша «Олимпиадаға 100 күн» іс-шарасы өтеді. Айтулы күнге орай флеш-мобтар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Парижде өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: