Паражүзуден АҚШ-тағы ашық чемпионат: жүлдегерлер елордаға оралды

15 Қараша, 00:40 269

АҚШ-тың ашық чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен астаналық паражүзушілер елордаға оралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Паражүзуден АҚШ-тың интеллектуалдық ерекшелігі бар параспортшылардың арасында беделді турнир саналатын USADSS & AWL 2024 OPEN NATIONAL CHAMPIONSHIP бәсекесінде астаналық Валерий Югай мен Алпамыс Әмір бақ сынады. Жарыстың қорытындысы бойынша, 17 & Under санатында бақ сынаған Валерий Югай еркін жүзу сайысында 3 алтын, 1 күміс иеленсе, Алпамыс Әмір 18 & Over санатында 3 қола жүлде жеңіп алды.

«Былтыр Францияда өткен атақты Virtus додасында паражүзушілеріміз нәтижелері төмен болып, жүлделі орыннан уақытымыз алшақ болып еді. Сондықтан бір жылдың ішінде АҚШ-тағы ашық чемпионатта осынша жүлде болады деп күтпедік. Оның үстіне паражүзуден интеллектуалдық ерекшелігі бар жандарға да көңіл аударылып жатқанына көп жыл болмады. Жоғары нәтижеге бапкер, федерацияның ұйымшылдығының арқасында жеттік», - деді паражүзуден жаттықтырушы Сайлаубек Ернұр.

АҚШ-та ұйымдастырылған ашық чемпионатта Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Канада, Колумбия, Мексика, Жапония, Португалия, Аустралия, Польша елдерінен 100-ге жуық параспортшы бақтарын сынады.

Отандастарымыз енді 2025 жылы Таиландта Virtus әлем чемпионаты мен Өзбекстанда өтетін жасөспірімдер арасындағы пара Азия ойындарына дайындыққа кіріседі.

Зарина Арман
Бөлісу: