Паралимпиада жаттығу орталығына жылына ерекше қажеттілігі бар 65 мың адам келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің вице-президенті Бақыт Сапаров ұлттық паралимпиада құрамасының мүшелерін даярлау барысы қалай жүріп жатқаны туралы айтты.
Әлемдік стандарт талаптарына сай келетін Астанадағы паралимпиада жаттығу орталығын әйгілі америкалық компания салып, 2008 жылы пайдалануға берілді. Нысан жазғы және қысқы паралимпиада спорты түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорт резервін сапалы әрі кәсіби даярлауға арналған.
Жаттығу орталығына күн сайын 400-ге жуық адам келеді, нысан жылына 65 мың адамға қызмет көрсетеді. Мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін барлық талаптар ескеріліп, тиісті жағдай жасалған. Тренажер залдарында пара атлеттерге, пара шаңғышыларға және басқа да спортшыларға жылдың кез келген мезгілінде жаттығуға мүмкіндік беретін инновациялық жаттығу жабдықтары орнатылған.
ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің вице-президенті Бақыт Сапаровтың айтуынша, қазақстандық орталықтың бірегей жабдықтары шетелде де танымал. Мәселен, Бразилияның пара волейбол құрамасы жаттығу үшін орталыққа арнайы келді. Бүгінде барлық спорт зал халықаралық жарыстар өткізуге сертификатталған.
Қазақстандағы біздің қозғалысымыз өте күшті. Бұл – мемлекетіміздің көрсетіп жатқан қолдауының арқасы. Орталықтың басты міндеті – адамдарды әлеуметтендіру және олардың денсаулығын сақтау. Келушілер медициналық тексеруден өтеді, олар үшін арнайы оңалту бағдарламалары әзірленген. Паралимпиадаға қатысу спортшыларымыз үшін үлкен жетістік. Қазақстан құрамасы өзінің жақсы қырларын көрсетіп, елімізге жаңа жүлделер әкеледі деп ойлаймын, — деді ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің вице-президенті Бақыт Сапаров.