Қозыбай шешеннің қызметтік жолы

3 Қыркүйек 2014, 09:58

Қозыбайдың көңілі тетік болып, бері қарап, өлім аузынан қалғанына оның бала­шағасы да, ауыл адамдары да, көңілін сұрауға келген кісілер де қатты қуанады.

Қозыбайдың көңілі тетік болып, бері қарап, өлім аузынан қалғанына оның бала­шағасы да, ауыл адамдары да, көңілін сұрауға келген кісілер де қатты қуанады. Солармен бірге Сәлібайұлы ақын да бек қуанады. Ысқақ ақын қуанса да, қазының өзіне қойған талабынан қысылып: «Ой, би аға, о не дегеніңіз? Тірі кісіге жоқтау шығарған ұят емес пе? Иншалла, енді былай да сауығып кетерсіз», – депті.

Бірақ қарт балуан Нәупілұлы оның сөзіне тоқтамай, қайратын жиып, басын жастықтан көтертіп: «Алла, аруақ өзі кешіреді. Ешбір ұяттығы жоқ. Жоқтау өлеңді шығаруды өзім сұрап отырмын. Менің өзіңе жасаған азды­көпті жақсылығым қайтсын десең, мені разы болсын десең, мені тәуір болып, науқастан айықсын десең, жоқтауды қазір шығар! Бәрібір түбінде шығаратын жоқтау өлеңің ғой. Қысылмай, тез арада қазір шығар. Өзім рұқсат еттім ғой», – депті.

Сонда Қозыбайдың төсегінің маңында отырған ел адамдары да, шешеннің өз балалары да, олардан туған немере­шөберелері де: «Өзі рұқсат беріп, сізге тілек қойып отыр ғой. Ағаңыздың сөзін қайт қылмаңыз!? Рас, бәрібір түбінде шығаратын жоқтауыңыз ғой. Соны қазір­ақ шығара беріңіз!» – дейді де Ысқақтың қолына қобыз бен домбыра әкеп ұстатады. Сонда әккі ақын Сәлібайұлы қинала отырып, әуелі қобызбен шешеннің арғы бабаларының бірі – Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлының «Елім­ай!» күйін тартып береді. Онан соң қобызды қасына қойып, қолына домбыра алып, домбыраға қосып, сол Қожаберген жырау шығарған «Елім­ ай!» әнін орындап береді. Сол шақта Қозыбайдың аз да болса көңілі сергіп қалғанын үйде отырған кісілер аңғарып қалады. Содан үміттеніп көңілі орныға бастаған Сәлібайұлы жырау домбыраға қосып, әндетіп жоқтау өлеңді шығарып айта бастайды. Ақыры толық шығарып аяқтайды. Жоқтау өлең Қозыбайға да, басқаларға да қатты ұнап, олар Ысқақ ақынға көп­көп алғыс айтыпты. Қажы Қозыбай сол арада Сәлібайұлы жырауға: «Қазір оңаша үйге барып, қолыңа қағаз, қалам, сия алып, осы жоқтау өлеңді хатқа түсіріп әкеп, өз қолыма табыс ет!» – деп бірден тапсырма береді.

Ысқақ медресе үйіне барып, шәкірттер тарай салысымен­ақ, қолына қағаз, дәуіт, қалам алып, үстел басына орнығып отырып, өзі шығарған жоқтау өлеңді «Қозыбай қажыны жоқтау» деген атпен табан аузында хатқа түсіреді. Сол жоқтау өлеңді Қозыбай би кіші баласы Тумырзаны шақырып алып, оған қаражат беріп, қолына Орынбор ведомствосындағы, сондағы мешіт, медреселерде қызмет атқаратын достарына хат жазып беріп сәлем жолдап, қасына сенімді серік қосып беріп,  Орынборға  аттандырады.  1913  жылы  Орынбордағы «Дін һәм мешіт» баспасынан Қозыбайға арнап шығарылған Ысқақ Сәлібайұлының жоқтау өлеңі шағын кітапша боп шығып, елге таралады. Соған байланысты Қозыбайдың руы – Бидалы Уақ, әкесі – Есенғұл, туған жылы – 1832 жыл, қайтыс болған уақыты 1912 жылдың қазан айының 12-­сі (жоқтау шығарылған күн) болып қалыптасып кеткен. Қозыбай шешеннің өмірбаянының бұлай өзгеру себебі жоғарыда баяндалған.

Қозыбай сынды қазының көзі тірісінде өзіне жоқтау өлең шығартып, оны арнаулы кісі арқылы Орынборға жолдап, сонда кітапша етіп шығарғанына онымен көрші отырған елдердің діндар адамдары да, шонжарлары да, болыс, би, ауылнайлары да қатты таңғалады.

Шайгөз Уақтың шонжарлары Торсан мен Молдаш: «Қозекең көп жасады, оны кәрілік адастырған­ақ екен!» – десті. Қозыбай 1858-­1861 жылдар арасында Сіргелі Уаққа старшина болса, 1861­-1868 жылдары Қызылжар өңіріндегі 4000 үйлі Уаққа аға старшина боп (рубасылық) қызмет атқарады. 1868­-1890 жылдар арасында ол Қызылжар уезіндегі Құсмұрын болысында болыс (волостной управитель) болып  қызмет атқарады. 1890­-1898 жылдар арасында ол төрт болыс Уаққа төбе би әрі указной имам болады. 1898­-1901 жылдар арасында Қозыбай қажы Семейге жер ауып, үш жыл бойы сол жақта болады.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: