3 Қыркүйек 2014, 09:50
Шекті еліне күйеу жігіт Қозыбай сал ақырында екіжақты қанауға қарсы қазақ шаруаларының халықазаттық қозғалысының әрі насихатшысы, әрі ұйымдастырушыларының бірі болады. Ол 1853-1858 жылдары Шектінің ағайындас батырлары Есет Көтібарұлы мен оның інісі Бекет Серкебайұлы басқарған Кіші жүз Алшын ішінде Әлімұлына жататын Ақкете, Шекті, Шөмішті елдерінің шаруалар көтерілісіне белсене қатысып, әуелі жүзбасы, онан соң мыңбасы болады. Соңғы жылдары (1855-1857) Қозыбай құрдасы әрі қайнағасы Бекет Серкебайұлы сардардың бірінші орынбасары болады.
1855 жылы шілдеде Есет, Бекет бастаған көтерілісшілер сұлтан ордасын тұтқиылдан шабуылдап, Арыстан Жантөрин бастаған он шақты бистаршындарын өлтіріп, жазалаушы отрядты талқандайды. Бұл оқиғаға мазасызданған Орынбор әкімшілігі көтерілісшілерді басуға тағы да қосымша жазалаушы отрядтар жіберіп, олар қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратады. Әскери дала соты құрамында Бекет Серкебаев, Қозыбай Нәупілұлы бар, 18 адамды Сібірге жер аудару туралы үкім шығарады.
1858 жылы – жылқы жылының аяғында Сам құмы деген жерде Есет батыр Көтібарұлы бастаған қазақ шаруалары патша өкіметі отаршылдарының бақайшағына дейін қаруланған зеңбіректі жазалаушы әскерлерімен соғыста жеңіліске ұшырап, Есет патша өкіметіне қарсы шығуын тоқтатқанда Қозыбай сардар балашағасын, өзіне ілескен үш жүз сарбазды ертіп, еліне қашып келеді. Қызылжарлық Керей жұрты шешен де батыр баласын жақсы қарсы алып, қатты қуанып, той жасайды.
Тойдан кейін Қозыбайды Керей елінің басшысы аға сұлтан Есеней Естемісұлы оңаша шақырып алып, оған пайдалы кеңестер айтып, Қозыбай шешенді әуелі Сіргелі Уаққа старшина сайлатады. Артынан үш жыл өткен соң бүкіл Уақ атаулыға аға старшина (рубасы) сайлатады. Уақты өз ырқынан шығармау үшін Есеней ол елге өз елінің адамы Қозыбайды әдейі басшы қояды.
Әуелі Сіргелі Уаққа старшина сайланарда Қозыбай балуан өзімен аталас Көшебе Керейден шыққан Қызылжар аймағының (Қызылжар өлкесі деп Омбы қаласы мен Аманқарағай орманы аралығындағы кең өңірді атаған) әйгілі қазысы Тәбей Барлыбайұлының қауіпқатерден сақтандыра айтқан кеңесін құп алып орындайды. Тәбей сол кезде төбе би екен. Ол руласы Қозыбайға уақытша болса да, руының, әкесінің, жерінің аттарын, туған жылын өзгертіп, алдын ала документтер жасап алып, қуғынсүргіннен ада болу үшін бірден сақтық жасау туралы ерекше ақыл береді. Алдажалда Орынбор чиновниктері Қозыбайды іздеп, Омбы ұлықтарына хабар салған күнде ізін жасыру үшін жерінің, руының, әкесінің аттарын басқаша етіп, жасын да кішірейтіп көрсетіп, өзін жауға тапқызбау керектігін ойластырып қояды. Оның үстіне, Тәбей Қозыбайға Кіші жүздегі шаруалар көтерілісіне қатысқандығы туралы елге дабыра етпеуі қажеттігін қатты ескертеді. Тәбейдің ол кеңесі Қозыбай үшін аса қажет еді.
Қозыбай Нәупілұлы шешен өзін ұлықтарға тапқызбас үшін «Есенғұлов Қозыбай», «Балташев Қозыбай» деген екі түрлі атқа документ жазғызып алады. Туған жылын 1822 жылды 1832 жыл етіп, документін өзгертеді. Руын Бидалы Уақ етіп жазғызады. Сөйтіп, ол басқа Қозыбай, яғни Уақ Қозыбай боп шыға келеді. Қазақта не көп, Қозыбай атты адам көп, ұлықтар оның қай Қозыбай екенін қайдан білсін?!
Орынбор генералгубернаторы алғашында қолға түспей кеткен мыңбасы сардар Баһрамов Қозыбайды қауіпті қашқын деп іздесе де, одан ешбір дерек таппаған соң істі әрі қарай қозғамаған. Қалың ел, яғни Төрт момын деп аталатын КерейУақ, АтығайҚарауыл жұртшылығы Қозыбайдың қызылжарлық Керей екенін білсе де, оның документте қалай жазылғанын да, Кіші жүздегі шаруалар көтерілісіне қатысқанын да сезбеген. Тіпті Қозыбайда ешкімнің шаруасы да болмаған, оны ел жақсысы, ер жігіт деп қатты қадірлеген. Тек «Екі бірдей нағашысында ер бала болмаған соң нағашысы Есенғұлдың атына көшкен ғой» деп өздерінше топшылай салған.
Қозыбайдың туған жылы –1822 жыл екенін де КерейУақ, АтығайҚарауыл елдері өте жақсы білсе де, оның туған жылын он жылға кейін шегергенін білмеген, онда жұмысы да болмаған. Тек кейбір ауылнайлар мен старшиналар ғана білген. Олар: «Қозыкең әйелі қартаймай тұрыпақ, жас тоқал алғысы келсе керек. Жасару үшін қағазда жасын кішірейтіп беріпті», – деп оны сырттай әзіл ғып қана қояды да, біраз жылдан соң ол мәселе тіпті әңгіме де етілмей қала береді. Қалың жұрт ол жағын мүлде еске де алмайды.
Тек біраз жыл арада өткен соң бұл мәселеге Қозыбайды күндеуші, жасы оның балаларымен қатар Шайгөз Уақтан жаңа шыққан болыс Торсан Тілемісұлы ғана көп көңіл бөле бастайды. Ол Қозыбайды жеңу үшін жоғарыдағы айтылған жайттарды егжейтегжейіне дейін қалдырмай сұрастырып астыртын білген (Ғ. Мүсіреповтың «Ұлпан» романындағы Торсан болыс. – С.Ж.).