Қозыбай шешен кім болған?

3 Қыркүйек 2014, 09:47

Қазақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген айыр көмей, жезтаңдай шешендерінің бірі – Қозыбай шешен.

Қазақ халқының ХІХ ғасырда өмір сүрген айыр көмей, жезтаңдай шешендерінің бірі – Қозыбай шешен. Қызылжар аймағынан шыққан өнерпаздардың бірі саналған Қозыбай шешен өз  заманында  үш  жүзге  атағы  әйгілі ел адамы болыпты. Ол дауларда әділ төрелік беріп, халық алдында зор беделге ие болып, көпшіліктен алғыс алған екен. Оның үстіне, ол қолы ашық мырза кісі болып, елдегі ғарып­қасер, міскін, жарымжан, жетім­жесірлерге, баласыз кәрі­құртаңдарға көп жәрдем беріп, соның арқасында жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, Қозыбай жомарт атанады.

Қозыбай Нәупілұлы 1822 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты атақты тарихи мекен – Гүлтөбе­Маманай жерінде дүниеге келген. Атақты Шақшақ батырдың ұрпағы, Сегіз серінің туған ағасы Нәупілдің отбасында туған. Он жасында Болатнайдағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Новорыбинка ауылы) Көрпештің медресесіне оқуға түсіп, оны үш жылдан соң 1835 жылы бітіріп шығады. Одан кейін Қызылжар қаласындағы ұлы атасы Шақшақ медресесінде екі жыл оқиды. Қызылжар медресесін тәмамдар алдында әкесі, одан кейін көп ұзамай шешесі Балым қайтыс болып, бұдан кейінгі тәрбиесі Есенғұл, Балташ атты нағашыларының қолында болады. Ел ішінде «Балташтың Қозыбайы» атанады. Он жеті жасында Қозыбай нағашысының ауылында күреске түсіп, атақты палуандар сапына қосылады. Ол мұның үстіне ән салып, домбыра, қобыз, сыбызғы тартады, салдық­серілік құрады. Өмірінің соңын осы нағашыларының ауылында өткізеді. Қартайған шағында тоғыз ұлының көмегімен 150 адам еңбек ететін шеберхана ашқан. Онда зергерлікпен, ұсталықпен, тігіншілікпен айналысқан, сондай­ақ Қозыбай шешенге қарасты ауыл адамдары аңшылықты, егіншілікті, балық аулауды да кәсіп еткен. Қазіргі Қостанай облысы Қарасу ауданында Қозыбай атындағы ауыл бар. Қозыбай шешен денесі осы ауылда жерленген.

Қозыбай жас жігіт кезінде Кіші жүз елінде жүрген әкесінің інісі Сегіз серіге барып жүріп, сол жақтағы елдерді көп аралапты. Сөйтіп жүргенде ол Кіші жүз Алшын ішінде Әлімұлы, Жетіру тайпалық одағы саналатын жұрттардың небір маңдайалды сабаз жігіттерімен танысып, олармен төс түйістірген дос болады. Сол достарының бірі Кіші жүз Алшын ішінде Әлімұлының Алты Шекті руының Қабақ атасынан шыққан жас батыр Бекет Серкебайұлы (1822­1857) екен. Ақыры Қозыбай сері сол елдегі Кенжалы есімді тәуір кісінің Айнұр деген қызын өзіне атастырып, қырық жетіні қырқа матап беріп алады. Кенжалы беделді де ақылды адам болыпты. Ол Бекет батырдың немере туысы екен.

Бекет Серкебайұлы кім? Бекет – Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтары көтерілісіне (1855­1858) қатысқан батыр. Елінің еркіндігі мен атақонысы үшін күресіп, Ресей отаршылдарына қолдау көрсеткен Арыстан төрені өлтіруге қатысқан. Көтеріліс жеңіліс тапқан соң ел арасынан жаңадан жасақ жинап жүргенде қолға түсіп, Сібірге жер аударылады. Артынан анасы мен жары іздеп шығады. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Бекет батыр өзін опасыздықпен ұстап берген Шернияз ақынды өлтіріп, заң орындарына барып: «Өз жауымнан кегімді алдым, енді мені жазалай беріңдер», депті. Бекет батырға байланысты ерлік пен елдікті, азаттық пен адалдықты өсиет ететін «Бекет батыр» атты дастан жазылған. Бұл дастан «Ерназар – Бекет» болып та аталған. 1942 жылы Мұхтар Әуезов осы дастан негізінде 4 актілі драма, «Бекет батырдың қысқаша әңгімесі», «Бекет батыр» жырының мәнісі» атты зерттеу мақалалар жазған.

 

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: