Өзін өлтірмек болған оқушының анасына мектеп директоры ақша ұсынған

12 Қыркүйек 2023, 18:05 736

Алматы облысында аспирин ішіп, өзіне қол салмақ болған баланың анасы мектеп директорына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Әйелдің сөзінше, мектеп директоры 200 мың теңге ұсынып, полициядан арызын қайтарып алуын сұраған. 

Мектеп директоры маған келіп, "200 мың теңге беремін, мұндай ештеңе болмады деп арызыңды қайтарып ал. Анаң Бесағаш чатында кешірім сұрасын", деді. Мен бас тартып, бұдан кейін байланысқа шыққан жоқпын, - дейді ол. 

Айта кетейік, Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында төртінші сынып оқитын бала қоштасу хатын жазып, бір қорап аспирин ішіп, жатып қалған. 

Алматы облысы Талғар ауданының полиция бөлімі кәмелетке толмаған баланың үйінде 10 шақты “Ацетилсалицил қышқылын" ішкенін растады.

11 қыркүйекте Б есімді азаматша Талғар аудандық полиция басқармасына өзінің кәмелетке толмаған 2013 жылы туған ұлының дәрі ішіп, уланғаны туралы арызданған. Аталған факт Талғар аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерделеу үшін сараптама тағайындай отырып, барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады, - деді Талғар аудандық полиция басқармасының өкілдері.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: