Қожа Ахмет Йассауи

18 Тамыз 2014, 12:44

Қожа Ахмет Йассауи – түркі дүниесінің ірі ойшылы, халықты татулыққа, имандылыққа, ізгілікке, рухани тазалыққа үндеген ұлы тұлға.

Қожа Ахмет Йассауи – түркі дүниесінің ірі ойшылы, халықты татулыққа, имандылыққа, ізгілікке, рухани тазалыққа үндеген ұлы тұлға. Йассауидің негізгі еңбегі түркі тілінде жазылған «Даналық кітабы». Шығарманың негізгі мазмұны сопылық жолында мұсылмандық ілімнің қағидаларын жүзеге асыру, оларды күнделікті өмірде әрдайым қабылдау мен орындаудың әдіс-тәсілдерін үйретуге арналған. Сопылық – адам жанының тазалығы туралы ілім. Ол ислам дінінің рухы, мәні, сайып келгенде, исламның синонимі, яғни сананың өсуі, жан тазарып, ар-ұят оянуы, рухани жетілудің белгісі. «Сопылықты жүрекпен ғана сезесің», демек, сопылықтың не екенін жүрегін оята алған адам ғана түсіне алады. Сопыларға ортақ қасиет – адалдық, мейірімділік, қанағат, шынайы ізгілік, Алланы, адамды сүю, арлы да адал болу.

Кітапта сопылық мақсатқа жету үшін төрт түрлі сатыдан өту керектігі айтылады. Олар шариғат, тариқат, мағрипат, ақиқат. Бұлардың әрқайсысының өз тұрағы бар және бұл ілімнің ауыр да қиын болатынын айта келіп, Йассауи осы жолдан өтуді табанды түрде талап етеді. Дүниені танып білу үшін, адам әр түрлі талаптарды орындауы керек, ол сонда ғана ақиқатты түсіне алады, егер ғұламаның сөзімен айтатын болсақ, «Өзіңді танығаның ақиқатты танығаның».

Қожа Ахмет Йассауи қоғам мен адам мәселелеріне де айрықша назар аударған. Ислам дінінің өнегелік, ақыл-ой, парасат туралы құндылықтарын кең насихаттаған ол, халық бұқарасын зәбірлеген әмірлердің, бектердің, қазылардың әділетсіздіктерін сынайды, бұл дүниенің жалғандығын айтады. Өзі негізін қалаған сопылық ілімінің басты мақсаты адамдарды жетілдіру, рухани болмыс құндылықтарына жат құбылыстарды сынау. Сондықтан да ол құдай атынан парасаттылыққа, әділдікке, тазалыққа үндейді, адамгершілік ойларын дін арқылы түсіндіреді. «Кім де кім жамандық жасаса, ол күнәдан арыла алмайды, кім де кім жақсылық жасаса, ол құдайдың сүйіктісі болады».

Адамдардың барлығы құдай алдында тең, бірақ, жамандық жасаушы адамды Алла да жақтырмайды. Сондықтан олардың теңсіздігі жағымсыз іс-әрекеттерінен туындаған. Ғұлама адам бойында кездесетін тойымсыздық, ашкөздік, екіжүзділік, атаққұмарлық, надандық сияқты келеңсіз қасиеттердің болатынына өкініш білдіреді. Жаман әдеттерден арылуға шақырып, бірін-бірі құрметтеуге, көмектесуге, жақсылық жасауға үндейді.

Ел билеушілері халықты әділдікпен басқаруы тиіс. Арам жолмен жиылған мал-мүлік дүние болмайды, жазықсыз жандардың көз жасын құдай кешірмейді. Жақсы патша ғана халқын разы ете алады, ал бұларға жұмақта орын дайын. Даналық пен татулықты жариялаған «Даналық кітабы» адам өмірінің барлық жағын қамтыған құнды еңбек.

Бөлісу: