31 Тамыз 2014, 09:12
ҚОЖА АХМЕТ ИАСАУИ КЕСЕНЕСІ – ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші. Түркістан қ-нда орналасқан. 1396 – 99 ж. Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Иасауи қабірінің басына тұрғызылған. Қ.А.И. к. – үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Архит. жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Кесене оңт.-шығыстан солт.-батысқа қарай созылып жатыр. Ені – 46,5 м, ұз. – 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Кесене жобасының ерекшелігі – онда Орт. Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер мол. Сәулетші-шеберлер тек аркалы күмбезді жүйенің өзіне сан түрлі әдістерді қолданған. Кесенеде аса үлкен портал (ені – 50 м-ге жуық, порталдық арканың ұз. – 18,2 м), бірнеше күмбез, 35 бөлме бар. Ғимараттың биікт. – 37,5 м. Сыртқы қабырғалардың қалыңд. – 1,8 – 2 м, қазандық қабырғаларының қалыңд. – 3 м. Қ.А.И. к. мешіт, медресе қызметін де атқарған. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. Жазулардан “Алла”, “Мұхаммед”, “О, жарылқаушы”, “Билік Аллада”, “Алла менің әміршім”, “һижраның 800 жылы” деген сөздерді оқуға болады. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. Бұларда оны жасаушы исфаһандық шебер Тадж әд-Дин Изеддиннің есімі жазылған. Қола шырағдандағы жазулар һижраның 799 ж. 20-рамазанында жасалғандығын көрсетеді. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі – қабірхана ортасында Қожа Ахмет Иасауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. Кесене мешітінің 16 терезесі, қос қабат күмбезі бар. Мешіттің батыс жақ қабырғасына Меккедегі Қағба іспетті 3,5 – 2,5 м-лік мозаикалық михраб орнатылған. Кесененің оңт.-батыс жағындағы Аллаға құлшылық етуге арналған жер асты ғибадатханалары Иасауидің тірі кезінде жасалып, кейін қайта жаңғыртылған. 16 ғ-дан кесенеде және оның төңірегінде қазақ халқының атақты адамдары (Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б.) жерлене бастады. 19 ғ-дың алғашқы ширегінде Қоқан билеушілері кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның төңірегіне қамал-бекіністер салуды қолға алды. 1864 ж. Түркістан қ-н жаулап алған Ресей отаршылары зеңбірекпен атып, кесененің 11 тұсына зақым келтірген. 19 ғ-дың соңына қарай Қ.А.И. к. тарихи-мәдени мұра ретінде ғыл. тұрғыдан зерттеле бастады. 1978 ж. қыркүйекте Қожа Ахмет Иасауи респ. мұражайы ашылды. 1989 ж. 28 тамызда ҚР Үкіметінің шешімімен “Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы” ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 ж. аяқталды. 2003 ж. маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында Қ.А.И. к. дүниежүз. мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
"Қазақ энциклопедиясы"