Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің делегациясы Өзбекстан республикасының жетекші жоғары оқу орындарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Сапар барысында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизацияландыру инженерлері институты» Ұлттық ғылыми-зерттеу университетімен қос дипломды/мамандарды даярлау бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісім мен іс-шаралар жоспары («Жол картасы») жасалды.
Алдағы уақытта қос университет 7 білім беру бағдарламасы бойынша білім береді. Атап айтсақ, бакалавриат бойынша 6В07368 – «Жер кадастры», 6В086 - «Су ресурстары және суды пайдалану», 6B07155 Электр энергетика білім беру бағдарламасы, магистратурада 7М05247 – экология, 7М11279 – «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау (техносфералық қауіпсіздік)», 7М07155 – «Жаңартпалы энергетика», 7М04142 – «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша білім береді.
Ташкент мемлекеттік экономика университеті жанындағы профессор-оқытушылар құрамын қайта даярлау және біліктілігін арттыру салалық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, осы орталықтың базасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өкілдігін ашу туралы келісім жасалды.
Әлемнің 30-дан астам тілінде тілдік (лингвистикалық) оқытуды қамтамасыз ететін Самарқанд мемлекеттік шет тілдер институтымен (SamSIFL) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сапар барысында қызылордалық делегация Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетіне де барып, бірлескен білім беру бағдарламаларын құру мүмкіндіктері туралы келісімге қол жеткізді.
Сонымен қатар, Орталық Азиядағы ең ірі технопаркке барып, Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханаға сапар жасады.
Осылайша, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Өзбекстан республикасындағы университеттер мен ұйымдардың инфрақұрылымымен, ғылым мен инновациядағы жетістіктермен, сондай-ақ университеттердің академиялық саясатының ерекшеліктерімен танысып, шетелдік мықты университеттермен байланысын нығайта түсті.