Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі тағайындалды

1 Қыркүйек, 21:27 381

Бахтиёр Ибрагимов Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform тілшісіне сілтеме жасап.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo ақпарат агенттігінің мәліметінше, Бахтиёр Ибрагимов бүгіннен бастап өз қызметіне кірісті. 51 жастағы жаңа елші Ташкент мемлекеттік Шығыстану университетін және Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясын тәмамдаған. 

Еңбек жолын 1994 жылы Өзбекстанның сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің (қазіргі Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі) орталық аппаратында жетекші маман болып бастаған. Кейін бас маман, министрдің көмекшісі және басқарма бастығы лауазымдарына дейін көтерілген.

2001 жылы Өзбекстанның АҚШ-тағы елшілігінде бірінші хатшы, әрі қарай сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесші болған.

Одан соң Бахтиёр Ибрагимов Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі жанындағы экономикалық құрылымдарда түрлі лауазымдарда жұмыс істеген, Министрлер Кабинетінің сектор меңгерушісі лауазымын иеленген.

2019-2022 жылдары Өзбекстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі, СІМ департаментінің директоры, ӨР Туризм және мәдени мұра министрінің орынбасары болып еңбек етті.

Бахтиёр Ибрагимов 2018-2024 жылдар аралығында Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі болған Саидикрам Ниязходжаевтың орнын басты.

Перизат Саденова
Бөлісу: