Өзбекстанда Тәуелсіздік күніне орай 522 адамға рақымшылық жасалды

1 Қыркүйек, 06:29 704

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Тәуелсіздіктің 33 жылдығы қарсаңында мемлекеттің гуманистік саясатының нақты көрінісі ретінде «Жаза мерзімін өтеп жатқан, істеген ісіне шын өкінген және түзелу жолына түскен бір топ азаматты кешіру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды uza.uz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Өзбекстан Республикасы Конституциясының 109-бабының 23-тармағына сәйкес жаза мерзімін өтеп жатқан, істеген ісіне шын өкінген және түзелу жолына түскен 522 адамға рақымшылық жасалды.

Рақымшылық жасалғандардың 159-ы негізгі жазадан босатылды. 303-і жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылса, 60 адамның бас бостандығынан айыру жазасы жеңіл жазаға ауыстырылды.

Кешірім жасалғандардың 19-ы шетел азаматтары, 56-ы әйелдер, 25-і 60 жастан асқан ер адамдар, 233-і жастар (соның ішінде 1-і кәмелетке толмаған) және 27-і тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқандар.

Жарлықты іске асыру аясында рақымшылық жасалғандарды отбасыларына және жақындарына қайтару, қоғамға бейімделу, пайдалы еңбекпен айналысу, салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамда лайықты орын табуы үшін оларға көмек көрсету бойынша жауапты министрліктер мен ведомстволарға тиісті тапсырмалар берілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: