Бокстан Өзбекстан құрамасының мүшесі, этникалық қазақ Руслан Абдуллаев Ташкентте өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған болатын, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Су жаңа чемпионды туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Ең қызығы, боксшы келгенде Өзбекстанның туы көтерілгенімен, әнші Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әні ойнап тұрды.
Руслан Абдуллаев әлемдік біріншілікті 63,5 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Финалдық жекпе-жекте Абдуллаев моңғол Чинзориг Баатарсухпен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңді. Осылайша Руслан Абдуллаев әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Абдуллаевтың Азия чемпионы деген атағы да бар.
@musa017090 ♬ оригинальный звук - musa090
Руслан Өзбекстанда туып өскен. Бокстағы қадамы да сол елде жасалған. 2019-2020 жылдары Өзбекстанның жастар құрамасына алынбаған соң, Қазақстанға келді. Тіпті Түркістан облысының сапында Қазақстан біріншілігіне де қатысып, жартылай финалда Сабыржан Ақхалықовтан ұтылып, қола жүлдені қанағат тұтты. Коронавирус пандемиясы басталған соң, жарыстардан қолы үзіп қалды. Сондықтан Өзбекстанға оралып, 2021 жылы Өзбекстан чемпионы атанды. Сол біріншілікте үздік боксшыға берілетін «Руфат Рискиев кубогын» да иеленді.