Өз билігін асыра пайдаланған және азаптауға барған азамат рақымшылыққа ілікпейді – сарапшылар

2 Қараша 2022, 16:34 2317

Қаңтар оқиғасы барысында жанашырлық ниетпен немесе қызығушылықпен бұқараға ілесіп, нәтижесінде келеңсіздікке ұшыраған азаматтар болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылық заңына кімдер ілінеді? Бұл сұраққа сарапшылар жауап берді.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Жанна Кәрімова рақымшылық тек қана қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты бір реттік акт дейді.

«Оның басты мақсаты – қаңтар оқиғасына қатысы бар азаматтардың белгілі бір санатын жазадан толықтай босату немесе оның мерзімін қысқарту. Өз кінәсін мойындаған және істеген ісіне толық өкінген азаматтар тағылған айыптан толық босатылады. Бұл ең алдымен көпшіліктің ықпалымен бұқара халыққа ілесіп кеткен, бірақ алдын ала теріс ниеті болмаған азаматтарға қатысты», – дейді сарапшы.

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы, өз билігін асыра пайдаланған және азаптауға барған азаматтар рақымшылыққа ілікпейді.

«Әр істі сот жеке қарастыратын болады. Прокурор мен сот рақымшылық туралы заңды қолданудың заңдылығын қамтамасыз етеді. Әрбір азаматтың жағдайын жеке қарастыру қателіктердің алдын алады және еке азамат бойынша барынша әділетті шешім шығаруға жол ашады», – деді ол.

Қаңтар оқиғасы барысында жанашырлық ниетпен немесе қызығушылықпен бұқараға ілесіп, нәтижесінде келеңсіздікке ұшыраған азаматтар болды.

«Аталмыш заң осы азаматтарға қатысты әділдікті орнатуға мүмкіндік береді. Керісінше, кінәсі анықталған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға, билікті асыра пайдаланған адамдарға, бірнеше қайтара қылмыс жасағандарға қатысты рақымшылықтың шектелуі әділдік деп білемін», – деп атап өтті ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Жанна Кәрімова.

 Қаңтар оқиғасына байланысты халықтың назы әлі басылған жоқ

Бұл жөнінде Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елюбаев ойын білдірді.

«Қаңтар оқиғасына байланысты көпшіліктің назы әлі басылған жоқ. Қандай қорытынды шешім қабылданатыны және сол шешімнің негізінде қаңтар оқиғасына қандай баға берілетіндігіне халық алаңдап отыр. Енді Рақымшылық туралы заңға қол қойылмақ. Бұл – әділеттілікке бағытталған оң қадам. Себебі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Парламент депутаттарына заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Басты мақсат – ізгілік қағидатын негізге ала отырып, қанды қаңтарда жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға бірреттік рақымшылық жасау. Алайда, жаппай тәртіпсіздік кезінде бұл оқиғаға қатысы барлар, оның ішінде, топтың жетегімен эмоцияға беріліп, ілініп кеткендер де бар. Осындай адамдарға рақымшылық жасау дұрыс шешім деп ойлаймын», – дейді сарапшы.

Ал аса ауыр қылмысқа барғандар жазадан құтылмақ емес.

«Полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандар мен топтарды басқарғандарға және ауыр қылмыс жасауға итермелегендерге қатысты рақымшылық қолданылмайды. Заң жобасында рақымшылыққа іліну керек адамдар тармақтар бойынша нақты көрсетілді», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елюбаев.

 Ақтау емес жазадан босату

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елдос Жұмағұлов рақымшылыққа ілінетіндер өз әрекеттерін мойындаса, олар босап шығуы мүмкін. Ал арандатушылық және террористік әрекеттерге барғандар бұл жеңілдікке ілікпейді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, рақымшылық туралы Заң жобасы әзірленді. Қаңтар оқиғасына қатысқандарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, белгілі бір мақсатпен әдейі бүлік ұйымдастырғандар мен бүлдіремін деп ойламай, арандату арқылы топтың ықпалымен заңсыз әрекет жасағандар және бейбіт жолмен қатысқандар. Егер өзінің заң бұзушылыққа барғанын мойындамаса, рақымшылық жасау туралы заң аясы оған жұмыс істемейді. Ол кезде соттың шешімі бойынша жазаланады немесе ақталады», – дейді сарапшы.

Қанды қаңтарға қатысқандар бойынша 5 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде, 1500 адамға рақымшылық актісі қатысты. Басым көпшілігі осы заң аясына ілінеді.

«Бұл – соларға қатысты мемлекет тарапынан жасалып отырған гуманистік акт. Яғни, ақтау емес, жазадан босату. Қаңтар оқиғасына кездейсоқ барғандардың рақымшылыққа ілігуі олардың отбасы үшін жақсы шешім деп ойлаймын», – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елдос Жұмағұлов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: