Ойыннан өрт шықты: Алматыда кішкентай бала тұрғын үйді өртеп жіберді

10 Тамыз 2023, 21:50 898

Алматы облысында баланың ойынынан өрт шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

10 тамыз күні сағат 11:47-де Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Іле ауданының Өтеген батыр ауылы Гагарин көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына жеткен кезде дәретханада бір шелек қоқыс бықсып жанғаны, соның салдарынан пәтер мен кіреберісті қатты түтін басқаны анықталды. Өрттің шығуына баланың отпен ойыны себеп болған, - делінген облыстық ТЖД таратқан хабарламада.

Газ-түтіннен қорғау қызметінің көмегімен олар сыртқы есікті бұзып, пәтерге кіріп, құтқару қалпақшасының көмегімен балконда тұрған 2015 жылы туған қызды баспалдақ торы арқылы эвакуациялады. Құтқарылған қыз «Көмірқышқыл газынан улану» алдын ала диагнозымен Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, дәрігерлердің бақылауында.

Сол үйде тұратын 20 адам өздігінен эвакуацияланды, оларға медициналық көмек қажет болмаған.

Өртті сөндіруге және адамдарды эвакуациялауға Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 13 қызметкер мен 3 техника, жедел жәрдем бригадасынан 3 қызметкер мен 1 техника, аудандық ішкі істер бөлімінен 3 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды.

Қыздың туыстары мен үй тұрғындары құтқару жұмыстарына атсалысқан қызметкерлерге алғыстарын білдірді.

Берік Арманов
Бөлісу: