22 Тамыз 2014, 10:47
Қой жүні – қой терісінде өсетін түк, түбіт, қылшық. Қой жүнінен киіздің кейбір түрлері мен иірілген, жіптерінен киім тігіліп, кілем, бау-басқұр тоқылатын, арқан-жіп есілетін және тұрмыстық, шаруашылық бұйымдар жасалатын, қойдан қырқып алынатын ең маңызды өнім. Қойдан басқа да жүн, түбіт, қыл-қылшық беретін малдар болғанымен, олардан алынатын өнім қой жүнімен салыстырылғанда өте аз түседі. Төрт түліктен алынатын барлық жүн мөлшерін салыстыра қарағанда, бүкіл өнімнің 80-90 пайызын қойдан алады. Өндірілетін барлық жүн түрінің 10-15 пайызы ғана түйе, ешкі, жылқы түлігінің үлесіне тиеді. Мұның өзі қазақ жерінде көне замандардан бері қой өсірудің қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.
Қой жүні басқа мал түрлерінің жүнінен өзінің мынадай қасиеттерімен ерекшеленеді:
– қой жүні мейлінше мықты; оның мықтылығын өзінің жіңішкелігіндей сымтемірдің беріктігімен салыстыруға болады;
– жіңішкелігі дәл өзіндей заттардың бәрінен қой жүні жеңіл;
– қой жүні жылуды жақсы сақтайды;
– қой жүні созылғыш; қой жүнінен жасалған киімнің және т.б. бұйымдардың (тоқым, алаша, кілем, дорба) су мен дымқылдан иленбейтіні соған байланысты;
қой жүні бояуды жақсы сіңіреді, ұзақ уақыт бойы бояуын жоғалтпайды.
Қой жүні түліктің жас ерекшеліктеріне, қойдың дене мүшесіне (қой денесінің қай жеріне өскеніне), жыл маусымына, жүннің сапасы мен құрамына қарай ажыратылады.
Жас ерекшеліктеріне қарай қой жүні қозы жүні, саулық жүні, қошқар жүні, бойдақ қой жүні деп жіктеледі. Туғанына төрт ай толған қозының қырқылған жүні қозы жүні деп аталады. Қозы жүні үлпілдек, тарамды, ажарлы болғандықтан, қой жүнінен артық бағаланатын кездері болады. Қозының жүні ұзындығымен, талшықтарының жуандығымен, бұйрасының аздығымен де ерекшеленеді. Ал, жаңа туған қозы жүнін қарын жүн дейді. Ол қаракөл қой тұқымының елтірісінде (арнайы өсірілген қой тұқымынан туған қозының 2-3 күнде сойып алған кездегі үлпілдек, түрлі түсті, бұйра жүнді терісі) болады. Сонымен бірге қозының маусым айында алғаш рет қырқылған жүнін кей жерде қарын жүн деп атайды. Ал туғанына алты ай толған қозы жүні тоқты жүн, бір жастан асқан барлық қойлардың жүні қой жүні деп айтылады.
Жас саулықтың жүні сапасы жағынан кәрі саулық жүнінен артық болады. Сауылатын қой жүні өсімтал болмайды, жүні көпке дейін көтерілмейді. Олардан қырқылатын жүн сапасы саулықтардың күтіміне байланысты. Саулықтармен бірге қошқарлардың жүні де қырқылады. Оны қошқар жүні дейді. Қошқар жүні мықты әрі қалың болады. Қошқардан саулық қойға қарағанда жүн мол түседі.
Қысыр қалған немесе қозы тастаған саулықтар, тоқтылар мен тұсақ, ісектерден қырқылған жүн бойдақ қой жүні деп аталады. Бойдақ қой жүні саулықтың жүніндей емес, одан жуандау, қошқар жүнінен жіңішкелеу, саулық жүнінен екі есе мықты болады. Басқа қойларға қарағанда бойдақ қойлардан жүн екі еседей көп түседі.
Қой денесінде өскен жеріне қарай жүн бас жүн, жабын жүн, бауыр жүн, мойын жүн, пұшпақ жүн, тірсек жүн деп аталады. Қойдың сирақтарында, құйрығында, құрсағында өсетін қысқа, тықыр жүндерін – жабын жүн, басына өсетін қысқа жүнді – бас жүн, екі қапталына өскен жүнді – бауыр жүн, мойнына шыққан жүнді – мойын жүн, сандарына өскен жүнді – пұшпақ жүн, тірсегіне өскен жүнді тірсек жүн деп атайды. Кейбір аймақта қойдың арқасына шыққан жүнді жондама, жондама жүн дейді.
Көктемдегі жүнді – жабағы, күзгі жүнін күзем жүн деп бөледі. Жабағы жүн қойдың терімен, шайырымен ұйысып, тұтасып тұрады. Оның қылшығы аз, түбіті көбірек болады. Осындай белгісіне қарап бұндай жүнді ұрғашы жүн деп атау да кездеседі. Жабағы жүннің екінші атауы - өлі жүн. Көктемде қырқылған жабағы жүнді сапасына қарай сары жүн, тезек жүн деп атау да кездеседі. Өйткені өткен күзден бері қырқылмаған қой жүнінің арасында әртүрлі заттар болады. Оның ішінде малдың қордасы (көңі, қиы) мен шөп қалдықтары ұшырасады. Несеп сіңген сулы қорда жүннің түсін бұзып, сарғайтып жібереді. Ондай жүн сатпақталып, сабалақтанып тұрады. Оны жуғанда да
оңайлықпен кетпейді.
Қой мен қозының күзде (қыркүйекте) қырқылатын жүні жыл маусымына орай күзем жүн деп аталған. Күзем жүннің жабағы жүнмен салыстырғанда түбіті аз, жүн талшықтары қысқалау болады. Осы ерекшелігіне қарап халық арасында оны еркек жүн деп те атаған. Ондай жүнді көбінесе киіз басуға қолданады. Күзге салым қой-қозы жүні қырқылатын мезгілдің ертеректегі халық тіліндегі аты – күзем айы. Ол кіші күзем, үлкен күзем болып бөлінеді. Кіші күзем – қозылардың төрт айлығында, үлкен күзем – қозылардың алты айлығында қырқылатын уақыты. Осы екі уақытта қырқылған жүн де кіші күзем (кейде оны қозы күзем дейді), үлкен күзем деп аталады. Үлкен күземді кейде тоқты күзем деп те атайды. Өйткені қырқым қозының тоқты шыққан уақытына тура келеді.
Қой жүні құрамына қарай түбіт, қылшық деп, қылшықтың өзі жай қылшық, аралық қылшық, өлі қылшық, құрғақ қылшық, тікенек қылшық деген түрлерге бөлінеді. Жүн түбіт пен қылшықтан тұрады. Түбіт-ең жіңішке қылшық. Мұндай қылшық үнемі ширатылып тұрады. Қылшыққа қарағанда түбіт жұмсақ, биязы, созылмалы болады, ұлпаланып тұрады. Сондықтан, қазіргі кезде түбіт деп қой терісінің түбіндегі ең жұмсақ жүн деп түсінеді. Ол басқа талшықтарға қарағанда тығыз өседі, сондықтан жақсы кірігеді. Жүн түбітсіз болмайды. Барлық жүнде түбіт болады, бірақ оның мөлшері қой тұқымына байланысты аз не көп болуы мүмкін. Түбіті көп жүн сапалы деп есептеледі. Түбітке бояу жақсы сіңеді. Ең жақсы жүн маталар түбіттен тоқылады. Қылшықсыз жүнді биязы жүн дейді. Түбіттен әлдеқайда жуан әрі ұзын, бірақ бұйраланбай көбінесе тік өсетін жүннің талшығын қылшық дейді. Қылшық ірі жүнді қазақы қойларда көп болады. Будан қойлардың жүнінде әртүрлі мөлшерде өседі. Иірімділік, беріктік қасиеттері жағынан түбіттен әлдеқайда төмен болады.
Түбіт пен жай қылшықтың аралығындағы талшықты аралық қылшық дейді. Ол түбіттен жуан әрі ұзын, қылшықтан жіңішке, көбінесе қысқа болып шығады. Бұйралығы түбіттен төмен, қылшықтан жоғары болады. Кейбір қойларда жылына 35-40 см-ге дейін өсетін жүн талшығын өзекті қылшық деп атайды. Ірі қылшық түрлерінің бірі - өлі қылшық. Ол – жай қылшықтан жуандау және қысқарақ, морт сынғыш келетін ірі қылшық. Бұндай қылшық бұйраланбайды, тік өседі. Өлі қылшыққа бояу да сіңбейді. Осындай қылшығы көп жүннен жасалған киім тез қырқылады, қылшықтары да тез түсіп қалады, киіс бермейді. Өлі қылшық байырғы қазақы қойлар мен оңтүстік аймақта қолда өсірілген қисары қойларда (гиссар қойы) көп болады. Қой малының күтімсіздігінен, шайырының аздығынан немесе ауа райының әсерінен құрғап, сынғыш болатын жуан қылшықты құрғақ қылшық дейді. Қылшық ұш жағынан бастап құрғайды. Сапасы жағынан өлі қылшыққа жақын болады. Қойдың бас – сирақтарына өсетін, қырықтыққа ілінбейтін қысқа, тік қылшықты тікенек қылшық деп атайды. Ондай қылшық шаруашылықта қолданылмайды.
Сапасына қарай қой жүні биязы жүн, биязылау жүн, қылшықты жүн, ұяң жүн деп ажыратылады. Құрамында түбіттен басқа қылшық кездеспейтін, майда, жұмсақ жүн биязы жүн деп аталады. Биязы жүн биязы жүнді ақ қойлардан алынады. Осындай жұмсақ, биязы жүннен тоқылған мата ең сапалы кездемеге жатады. Себебі ақ жүнді бояудың қалаған түрімен бояуға болады. Қазақстан ғалымдарының ұзақ жылдар бойы сұрыптауының арқасында бұрынғы қара қой денесінің бас, сирақ, құйрық жүндері де биязы, түсі ақ қойға айналды.
Жүні біртекті және неғұрлым түбітті болып келетін немесе аралық қылшықты биязы жүннен немесе жуандығын көзбен ажырату қиын осындай талшықтардың қоспасынан тұратын жүнді биязылау жүн дейді. Бұл жүн өзінің бұйралығымен, талшықтарының жіңішкелігімен, беріктігімен, өте ұзындығымен және әредік өңінің жылтырлығымен де ерекше назар аударады.
Түбіті көп, қылшығы аз және қылшығының өзі ірі емес, нәзік жүн түрі ұяң жүн деп аталады. Ұяң жүнді қойдың жүні түбіттен және аралық қылшықтан құралады; түбіті ірілеу (жуандау) келеді, аралық қылшығы нәзік (жіңішке) болады. Қылшық жүнді қойларды биязы және ұяң жүнді қошқармен будандастырудан туатын қойлардың бірқатары да жартылай жіңішке жүн береді. Қылшығы болса да, мұндай жүннің ұяң жүнге жататын себебі: бұл жүн бірқатар қасиеттері жағынан қылшық жүнді қой тұқымдарының жүнінен едәуір артық болып саналады. Қылшық жүнді қойдың жүнінен жартылай қылшықты жүннің айырмашылығы – бұл жүннің түбіті көп, қылшығы әрі аз, әрі нәзік келеді. Жалпы алғанда, негізгі қасиеттері жағынан жартылай қылшықты жүн сапасы жағынан одан едәуір төмен болып есептеледі. Қылшық жүнді қойды биязы жүнді қошқарлармен будандастырғанда туатын бірінші және екінші ұрпақтардың көпшілігі осындай ұяң жүн береді.
Қой күзем. Записки миссионера Буконского стана Киргизской миссии за 1892-1899 гг. (СПб; 1900) атты еңбектен
Қой шаруашылығын зерттеуші кейбір мамандардың түсіндіруі бойынша, әр текті жүн ұяң жүн деп аталады. Мұндай жүн қылшық жүнді қой саулықтары мен биязыжүнді қой қошқарларын шағылыстырудан туған тәжік пен сараджин тұқымының қойларынан алынады. Ұяң жүн түбіттен, аралық жүн мен айтарлықтай жіңішке қылшықтардан тұрады.
Түбітке қарағанда қылшығы басымдау болатын жүн түрі қылшықты жүн деп аталады. Қылшық жүннің құрамына жүннің барлық талшықтары кіреді. Қылшықты жүн құрамында қылшықтардың басым болуымен, оның үстіне өлі жүннен тұратындығымен ұяң жүннен ерекшеленіп тұрады. Сапасы жағынан биязы, ұяң жүндерден әлдеқайда төмен саналады. Бұндай жүн ортақол маталар тоқуға және киіз басуға қолданылады.
Қой жүнін сыртқы ортаның әсерінен қорғап, қалыпты жағдайда болуына, сапасының жақсы сақталуына оның шайыры көп әсер етеді. Шайыр – қой терісіндегі май және тері бездерінен бөлінетін шырын, тұтқыр зат. Май мен тер бездерінің шырындарының бір-бірімен араласуының нәтижесінде шайыр құралады. Шайыры бар жүннің арасына су өтпейді, лас заттар да кіріп кетпейді. Өйткені шайыр жүн талшықтарын ұйыстырып, шүйкелендіріп, жабыстырып тұрады. Жүннің шайыры ақ, бозғылт қоңыр, сарғылт, жасыл түсті болады. Ең жақсысы – ақ, сарғыш, бозғылт қоңыр шайыр. Бұндай шайырлар жауын суына ерімейді, ыстық сумен сабындап жуғанда ғана кетеді. Жуып, шайырын кетіріп кептіргенде, жүн қалыпты, табиғи түріне келеді.
Оңай ерімейтін шайыр түсі жұмыртқаның сарысына немесе тот басқан темір түсіне ұқсайды, кейде көгілжім тартып тұрады. Шайыры аз болса, жүн де құрғақ, солғын болады. Қолға ұстағанда ондай жүннің қаттылау екендігі байқалады. Ондай жүнді құрғақ жүн дейді. Қазақ шаруалары малдың қоңдануын, семіруін шайырмен байланыстырып, ондай қой туралы «мал шайырлады», «қой шайырлады» деп айтады. Шайырдың аз-көп болуы қой тұқымына, күтіміне байланысты. Шайыры ең көп қой – меринос қойы. Жергілікті халық тілінде шайырмен байланысты қалыптасқан шайырлы жүн (жақсы, сапалы жүн), шайырсыз жүн (сапасыз, құны төмен жүн) тәрізді атаулар қолданылады.
Халық арасында жүннің сапа-белгісіне, әртүрлі ерекшеліктеріне байланысты бұлардан басқа көптеген атаулар кездеседі. Мәселен, қой жүнін, негізінде, қайшы тәрізді, қырықтық деп аталатын құралмен қырқып алады. Қой жүнін алудың осындай түрлеріне орай қалыптасқан жүн атаулары кездеседі: қой денесінен (терісінен) қырықтықпен қырқып алған жүнді – қырықпа жүн дейді. Кеңестік дәуірден бері механикалық әдіспен қырқылатын жүнді жоғары сұрыпты тұтас жүн және төмен сұрыпты жүн деп ажыратады. Тұтас жүн – қойдан тұтас қалпында қырқып алынған жүн. Төмен сұрыпты жүнге жұлма жүн (аздап ластанған, жіктеген кезде ұсақ жүні тұтас жүннен бөлініп шығатын жүн), пұшпақ жүн (қойдың аяқтарынан қырқып алатын қылшықты, ластаған жүн) тәрізді жүн топтары жатқызылады. Жүні көтерілген қойдың жүнін қырықпай, қолмен жұлып алған жүн жұлма жүн деп айтылады. Жұлма жүн сапасы жағынан қырықпа жүннен төмен болады дейді. Сойылған қойдың терісінен қырып немесе қайшымен түбінен қиып алған жүнді қырма жүн, иге салып жидіткен теріден алынған жүнді жидіме жүн деп айтады. Бұндай жүнді де жуып-тазалап, әртүрлі іске жаратады. Сонымен бірге қой жүнінің түрлері қырық жүн (нашар, кір жүн), үш уаққы жүн, өлі жүн, майдагүл (қаракөл елтірісінің жүні) деп аталады.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»