22 Қазан 2015, 07:33
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядағы деректерді пайдаланып қой терісінің түрлері туралы жаздық.
Қой терісіне бір жастан асқан қойлардың терісі жатады. Сәуір, мамыр айларында сойылған қойдың жабағы жүні қалың, түбітті терісін жабағы тері дейді. Жабағы теріден тон, күпі, бөстек жасалады. Жабағы жүні мен күзем жүндері қырқылған соң сойылған қой терісін қырықпа тері деп атайды. Қырықпа теріні шалбар, тон, кеудеше тәрізді киімдер тігуге қолданады. Қазан, қараша айларында сойылған қой терілері күздік тері, ал соғым кезіндегі терілер соғым терісі деп аталады. Бұл кездегі қой терілері қалың әрі жүндес болады. Сондықтан ондай теріден киімнің барлық түрі тігіле береді. Ал қап, тұлып, дорба, жарғақ шалбар т.б. тігуге тықыр терілер жұмсалады. Тықыр тері – жүнін қырқып алысымен сойылған яки жүнін жидітіп алған қойдың терісі.
Алты айға дейінгі қой төлінің терілері қозы терісіне жатады. Қозы терісі ерекшелігіне қарай, халық тілінде, жылбыс тері, жылбысқа, жұрын, мари, мөлдір, сеңсең, елтірі, бағана деп аталады.
Жылбысқа – жүні жоққа тән, тықыр, шала туған қозы терісі. Туысымен өлген немесе іште жатып өлген қозы терісі жылбысын деп те аталады.
Мөлдір – жас қозының терісі, мәри – күні жетпей туған қозының жүні қысқа терісі. Бағана – қаракөл қозының терісі. Бұндай қозылар туа сала не бір-екі күнде өліп қалады. Терісін алып, киімдердің жұрынын қондыруға, әдіптеуге жұмсайды.
Елтірі – туғанына екі-үш ай болған, қаракөл қозысының ертеректегі атауы. Одан ішік, жаға, бөрік, жеңсе, бөстек және т.б. тігілген. Оның халық тілінде бөлтіріске деген атауы да болған. Кейінірек сапалы елтірі беретін қаракөл қойларының арнайы өсірілуіне және олардың 2-3 күндік қозыларынан алынатын бұйра жүнді терілер де елтірі деп аталған. Оның түрлері көп. Атап айтқанда: жаңа туған қаракөл қозысының елтірісін шыпшынай, ал жалт- жұлт етіп құлпырып тұратын, қаракөл елтірісінің қымбат бағаланатын түрін қамар; – қоңырқай түсті, реңі әртүрлі құлпырып тұратын қаракөл елтірісін қамбар; бұйрасы толық жетілмеген тықыр жүнді, жылтырап тұратын теріні ласы; көк түсті қаракөл елтірісін шираз, көк шираз; сондай- ақ, сапасы орташа елтіріні қаракөлше; жүні өсік елтіріні жабағап деп атаған.
Елтірі жүні құлпырып, бұйраланып, гүлге ұқсап тұруына байланысты «гүл» сөзі қонданылады. Гүліне қарай елтіріні майдагүл, ірігүл деп ажыратады. Елтірі гүлінің қаламгүл деп айтылатын түрі де кездеседі. Кейбір аймақта қаракөл елтірісінің жүні өсіңкі түрін сақсақ деп атайды. Қаракөл қозысын кейде жүні өсіңкірегенше күтіп, кейін оның сақсақ аталатын терісінен жылы сырт киім, бас киімдер тігеді. Әсіресе Түрікменстан қазақтары шөгерме деп атайтын бас киімді сақсақтан тігеді. Қазақстанның көп жерінде қаракөл елтірісін, негізінде, сақсақ дәрежесіне жеткізбей пайдаланады.
Қаракөл тұқымынан басқа қойлардың қозысынан өсік жүнді тері де алынады. Оны сеңсең дейді. Сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының жүні қырқылмаған терісі. Сеңсеңнен немесе сеңсең теріден қыста киетін тон, күпі, тымақ тігіледі, жерге төсейтін бөстек және т.б. жасалады. Сонымен бірге қазақ тұрмысында бір рет жүні қырқылып, қайта өскен ересек қозы терілері пайдаланылған. Ондай тері түрі тоқтышақ терісі деп аталған. Тоқтышақ терісі – жүні қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Тоқтышақ деп аталуының себебі, бұл әлі тоқты емес (қозы 6 айдан асқан соң 1 жасқа дейін тоқты аталады), бірақ тоқты болуға жақындап қалған қозы. Қазақ мақал-мәтелдерінде кездесетін «Тоғаз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» дегендігі тоқтышақ осындай қозымен, оның терісімен байланысты айтылған.
Әзірлеген: Досжан Мейірім