Өтірік гипноз жасап емдеу адамды мүгедектікке дейін апарады - Жасан Зекейұлы

5 Желтоқсан, 14:30 4957

Бүгінгі таңда дәстүрлі медицина мен халық емшілігі заманауи медициналық ғылыммен қатар қолданыла бастады. Десе де, оның кейбір өкілдері заңсыз, негізсіз және сапасыз емдеу тәсілдері арқылы қоғамды алдауда. Мәселен теріс ағыммен пал ашу, қамшымен емдеу, аяқпен теуіп, балғамен соғып емдейтін өтірік сынықшылар сынды жалған емдік әдістердің көптеп таралуы, әсіресе, науқас адамдардың әлсіздігін пайдаланып, қаржы табуға ұмтылған алаяқтардың іс-әрекеттері халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіруде. Осы ретте  El.kz тілшісі халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының бас директоры Жасан Зекейұлымен сұхбаттасып, мұндай алаяқтардың алдын алу жолдарын сұрап көрді. 

Астанада қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен халықаралық және республикалық дәстүрлі медицина қауымдастығының ұйымдастыруымен «Дәстүрлі медицинаның дамуы және болашағы» атты дәстүрлі медицина қызметкерлерінің алғашқы форумы өтті. Халықаралық және республикалық дәстүрлі медицина қауымдастығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, професссор, Жасан Зекейұлы бастаған қоғам қайраткерлері, дәстүрлі медицина мамандары өзекті мәселелерді қаузап шешу жолдарын талқылады.

сурет: Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ 

El.kz: Жасан Зекейұлы, алдымен осы дәстүрлі медицина дегенімізді түсіндірсеңіз...

Жасан Зекейұлы: Дәстүрлі медицинаны біз ата-бабамыздың төрт жылдық тарихымен тікелей байланыстырамыз. Өйткені дәстүр болған жерде халықтың дәстүрлі медицинасы да болады. Сондықтан бұл – сол адамзатпен бірге өмір сүріп келе жатқан медицина. Қазіргі заманауи үш жүз жылдық медицинамен енді ғана қауышып жатыр. Бірақ адамзаттың дамуымен бірге келе жатқан дәстүрлі медицинаның маңызы зор. Сол себепті осы жолғы форумда дәстүрлі медицина төңірегіндегі түйіткілдерді шешу және және оны шешу жолдары қарастырылды.

Ұлы дала емінің тарихы өте күрделі, қатпарлы, тереңде жатқан құнды қазына. Дәстүрлі медицина, адамзат пайда болғаннан бастап пайда болған және халықпен бірге өсіп дамып келе жатқан медицина және адамзаттың ғасырлар бойы жинаған ортақ құнды қазынасы.

Түрлі саяси, тарихи, соғыс, ашаршылық нәумет қиын кезеңдерді бастан өткерген, қазақ даласына паналап және жер аударылып келген түрлі этникалық ұлттарды қазақ халқы бір тал бидайын бөліп, аузындағысын жырып беріп, оларды аман алып қалды. Бұл біріншіден, тәуелсіздігіміздің, ұлт болып ұйысыуымыздың беделін асырса, екіншіден, осы дәстүрлі медицинамызды дамытуға өз үлестерін қосты.

Қазір қазақ елінің дәстүрлі медицинасы  әлем назарына ілінді. 2019 шы жылы денсаулық министрлігімен халықаралық «Жас-Ай» клиникасымен бірлесіп, 30 мемлекетке жуық дәстүрлі медицинаның  сарапталған мамандары Астанада өткен форумда бас қосқан болатын.

Сол шарада Қазақстанның дәстүрлі медицинасының ерекше жоғары дәрежеде дамығандығы жан-жақты дәлелденді. Содан бері халықаралық дәстүрлі медицина қауымдастығы құрылды. Биыл республикалық дәстүрлі медициналық қауымдастық заңды тұлғалар бірлестігі құрылды. Қазір үлкен қауымға айналдық.

El.kz: Дәстүрлі медицина елімізге қалай келді?

Жасан Зекейұлы: Қазақтың ғұлама ғалымдары Әбу Насыр Әл-Фараби, Әбу Әли ибн Синадан бастап, бертіндегі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, бек әулие Ұлықпан хәкім бабамыздан бастап, сол заманда қолданған алуан түрлі емдеу тәсілдері, олардың өр рухы мен қадір-қасиеті бүгінгі әлем медицинасын бекемдеп үздіксіз дамытып келеді. Бірақ өшпес құнды еңбектері қиын заманда қолды болып, өртеліп жоғалды. Тарихи кітаптар енді анықталып қайта алтын қорымызға қосылып жатыр. Өкінішке қарай, ұлттық қазыналы ғылыми дәстүрлі еңбектеріміз басқа  ұлттарға қолды болып, солардың қазыналы пайдасына айналғаны жасырын емес.

Басқасын айтпағанның өзінде, іргеміздегі шығыс медицинасының дамыған ғылыми жүйеге келген елі Қытайда Өтейбойдақ бабамыздың «Шипагерлік баян» кітабының түпнұсқасын қайтадан жинақ етіп, көбейтіп басқан болатын. Бірақ табылмай жатқан тағы 7 томы бар.

Біз сол еңбегінде теорияларын негіздемелей отырып, ХХІ ғасырда адам баласының жасын қаншалықты ұзартуға болады, адам неден ауырады, неге ауырады, оларды емдеу тәсілдерінің қайсысы тиімді деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуді жалғастырудамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Осы маңызды міндетті орындау барысында «Ұлы дала» қолданысындағы ем түрлерін орнымен тиімді пайдалану Президент қойған міндетті табысты орындауға сөзсіз септігін тигізеді.

Біз көптеген өмірден өткен ғұламалардан, ұлыларымыздан ажырап қалдық. Түрлі дәстүрлі медицина әдістерін жаңғырту, қазақ халқының өмірін ұзартуға негіз болатын және осы жүйе саласындағы мамандарды қауымдастыққа біріктіру арқылы ел тұрғындары денсаулығын қалыпты жағдайда ұстап қана қоймай, оны барынша жетілдіру мүмкіндігіне ие бола аламыз.

El.kz: Дәстүрлі медицина мен заманауи медицина арасында қандай айырмашылықтар бар?

Жасан Зекейұлы: Екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей деп айтуға болады. Бірақ түптеп келгенде бәрінің илейтіні бір терінің пұшпағы, адамзаттың өмірін сақтап қалу, денсаулығына көмектесу. Сол үшін дәстүрлі медицина көбінде зиянсыз медициналық емдеумен шұғылданады. Әсіресе, таза дәстүр емдеу маманы болса, ол бір ауруды емдесе, кері әсер арқылы екінші ауруды тудырмайтын қасиет арқылы ерекшеленеді. Сондықтан бұған күн санап сұраныс көбейіп тұрған жағдай бар. Десе де, кейбір емдеу базалардың нашарлап, халықтың сенімсіздігі пайда болып жатқандығы жасырын емес. Дәстүрлі медицинаны жебеу ету арқылы ешқандай құжаттары жоқ, бірде бір құзырлы органдардан медициналық білім алмаған адамдар шұғылданып, бұл саланың бет-бедерін түсіріп жатқанын көріп жүрміз. Енді біз осының шешу жолдарын қарастырып, тиісті шаралар қолданатын боламыз.

El.kz: Қазақстанда дәстүрлі медицинаның заңды мәртебесі қандай?

Жасан Зекейұлы: Дәстүрлі медицинаның заңды мәртебесі бұрыннан бекітілген. Үш жыл бұрын бектілген кодексте арнаулы бап бар. Сол бапта дәстүрлі медицина Қазақстан Республикасында ғылыми заманауи медицинамен тең дәрежеде қаралады. Онда тек медициналық білімі бар адамдар ғана дәстүрлі медицинамен шұғылданады деген талаптары бар. Сол кодекс бойынша жұмыс жасаймыз.

El.kz: Дәстүрлі медицинада диагноз қою мен емдеу әдістері қалай жүзеге асады?

Жасан Зекейұлы: Енді дәстүрлі медицина диагнозы – бұл заманауи медицина. Екеуінікі де бірдей. Көбісі жаңағы қан анализін аларда аппараттарға сүйенеді. Ал дәстүрлі медицина нағыз майталман мамандар тамыр басу арқылы және адамның сырт бейнесі, сөзі, аузының иісі және көз жанары, алпыс екі мың тамырдың, бүкіл адамның денесіндегі меридиандардың өзгерісіне қарай диагноз қояды. Сондықтан дәстүрлі медицина жаңа заманауи медицинаға қарағанда диагноз қою да жан-жақты деп айтуға болады.

El.kz: Қазір қоғамда қамшымен емдеу, аяқпен соғып, балғамен ұрып емдеп, халықты алдайтын небір емші тәуіптер қаптап кетті. Осыған қатысты не айтасыз?

Жасан Зекейұлы: Иә, қазіргі таңда Астана тұрғындарын ғана емес, басым көп қазақстандықтарды түрлі негізсіз, заңсыз, талапқа сай емес тәсілдермен сапасыз ем жасап, алдап-арбап, ақша табатын, бизнес көзіне айналдырған заңсыз кәсіпкерлер пайда болған. Олардың не білімі, не рұқсат қағаздары мен лицзензиялары жоқ. Өтірік гипноз жасап, теріс ағыммен пал ашып, қамшымен емдеу, аяқпен теуіп балғамен ұрып-соғатын өтірік сынықшылар қаптап кетті. Қабылдаушылардан біздің қауымдастыққа түскен ақпараттар бойынша, маман емес білімі жоқ, өте нашар қызмет көрсеткен тиімсіз зиянды ем берушілердің қателігінен мүгедектікке, адам өліміне дейін апарып соғатын жағдайлар тіркелген.

Осы мәселе бойынша жақында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің қабылдауында болып, дәстүрлі медицинаға қатысты қазіргі келеңсіз жағдайларды баяндап, бірнеше ұсыныс білдірдім. Қала әкімі бірден қолдап, Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірге осы жағдайларды қолға алып, реттеуді тапсырды. Елорданы осындай өтірік дүмше емшілерден тазалайтын уақыт келді.

El.kz: Дәстүрлі медицинаға сенетін адамдарға қандай кеңестер берер едіңіз?

Жасан Зекейұлы: Оларға айтарым, біріншіден алданып қалмау керек. Сондықтан стандарт болып жүріп жатыр. Міне, іргеміздегі Өзбекстанда да бастап кетті. Президент арнаулы бұйырық шығарды. Яғни, медицина білімі жоқ дәстүрлі медицинаны жебеу етіп, ақша көзіне айналдырған түрлі ағымдар мен небір емшілер халықтың өміріне қауіп төндіріп, экономикалық тұрғыдан да зиянын тигізіп жатыр. Оларға қылмыстық іс қозғалуда. Сол себепті біздің елде де осындай заң болады деп ойлаймын. Өйткені ретке келтірмесек, біздің ең құнды байлығымыз – адамның ғұмыры, денсаулығы Ал адамның денсаулығы бұл – мемлекеттің байлығы. Соны қорғап қалу біздің бәріміздің міндетіміз.

El.kz: Дәстүрлі медицина мен толыққанды медициналық көмек арасындағы балансты қалай сақтауға болады?

Жасан Зекейұлы: Толыққанды медицинамен балансты сақтау үшін жүйелендіру керек. Соған біздің республикалық дәстүрлі медицина қауымдастығы, заңды тұлғалар бірлестігі құрылып отыр. Сол жүйеде жүйеленеді деп ойлаймын.

El.kz: Тұщымды жауап бергеніңізге көп рақмет! 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: