Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жалған ажырасу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың айтуынша, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мұндай қадамға барған отбасылар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Неке және отбасы туралы» заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Міне, осы заңды жетілдіретін кез келді. Некені сақтау мен жалған некені алдын алуда халықаралық тәжірибені саралап, тиімді тұстарын басшылыққа алу маңызды, – деді депутат.
Сондай-ақ Жарқынбек Амантайұлы мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені реттеудің де тетігін қарастыру керек екенін алға тартты.