Отбасындағы зорлық-зомбылықтан 300 адам көз жұмды

30 Маусым 2023, 12:45 1097

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ алқа мәжілісінде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін де айналып өтпеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қоғам өзгере бастады, оның салдары ауыр болатынын түсініп келе жатыр десек те, статистика басқаны меңзейді.

Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Тоқаев.

Оқи отырыңыз:

Мемлекет басшысы жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажеттігін айтты. Ал бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Себебі уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді.

Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет, - деді ол.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: