Отбасын қолдау орталықтарының қызметін 7,1% адам пайдаланған

1 Ақпан 2023, 15:54 1840

Бұл туралы ОКҚ алаңында айтылды

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасының таныстырылымы» өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі

Баяндама негізгі 4 тараудан тұрды. Біріншісі – Қазақстан Республикасындағы отбасы саясаты. Екіншісі – әлсіз отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау. Үшіншісі – ата-ана болу әлеуеті және қазақстандық отбасылардың бала тәрбиесі. Төртіншісі – отбасы институтының өзгеруі негізгі трендтер.   

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Нұрбек Матжани бірінші тарауға ерекше тоқтала кетті. 

«Қазақстан Республикасындағы отбасы саясатын жүзеге асыру процессіне талдау жасалып, оның заңнамалық және институционалдық аспектілері зерттелді. Осы тұрғыда ұлттық баяндамаға енгізілген қиын жағдайдағы отбасыларға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетуге бағытталған пилоттық жоба отбасын қолдау орталықтарының қызметіне шолуды ерекше атап өткен жөн», –  деді Нұрбек Сейілханұлы. 

Сондай-ақ баяндаманың екінші тарауында табыс көзі, жұмыссыздық, әлеуметтік бейімделу, атаулы әлеуметтік көмек алудағы бюрократия сынды мәселелер анықталып, оны шешу жолы бойынша ұсыныстар берілді.  

«Баяндаманың үшінші тарауы отбасылардағы ата-ана әлеуетін қалыптастыру және бала тәрбиесінің ерекшеліктерін зерттеуге арналған қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығы туралы статистикалық деректерге аса назар аудару қажет деп есептейміз. Осы саладағы маңызды мәселелерді мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде қарастырған жөн», – деді Нұрбек Матжани. 

Төрағаның айтуы бойынша баяндаманың төртінші тарауында алғаш рет сыбайлас жемқорлықтықты алдын алу және оған қарсы күреске әйелдер мен отбасы институтының ықпалы туралы мәселе қарастырылды. Ұлттық баяндама аясында Қазақстандағы әкелер институты жан-жақты қаралды.  

Респонденттердің 70 пайыздан астамы Отбасыны қолдау орталықтарының қызметін пайдаланбаған. Ал 19,3 пайызы мұндай орталықтың бар екенін сауалнама арқылы білген. Тек 7, 1 пайызы ғана аталған орталықтарға жүгінген.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: