Отбасылық құндылықтарды насихаттаудың маңызы қанша?

10 Наурыз 2015, 04:59

Отбасы – қоғамның құрауышы, еркек пен әйелдің ұрпақтар жалғастығын жүзеге асыру мақсатында бірге тұруының ғасырлар бойы қалыптасқан формасы.

Отбасы – қоғамның құрауышы, еркек пен әйелдің ұрпақтар жалғастығын жүзеге асыру мақсатында бірге тұруының ғасырлар бойы қалыптасқан формасы. Отбасындағы бала тәрбиесі ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Баланы халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу ұлт болашағының кепілі.

Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен аталардың ролі ерекше. Әке отбасы мүшелерінің тірегі, асыраушысы, қамқоршысы. Ата-бабаларымыз балалар тәрбиесіне үлкен мән берген. Әкенім мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері, білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын нысаны. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайтыны сондықтан. «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі. Әке – бәйтерек, бала - жапырақ. Ата – балаға сыншы» деген мақалдар осыны растайды.

Отбасында әкелері немесе аталары өз өнерлерін балаларына үйтеріп, оларды өзіндей мерген, аңшы, құсбегі, қолөнер шебері немесе әнші, күйші, ақын етіп тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлген. Баласының ата өнерін қууы, оны мирас етуі ежелгі ел дәстүрі болған. Қазақ халқының ертедегі өсиет сөздеріне мән берсек, жеті атасына дейін мергендік, аңшылық немесе ұсталық, күйшілік, емшілік өнерді қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Осындай әке мұрасын жалғастырушы, өнерлі, талабы таудай, жан-жақты білімі бар азаматты тәрбиелеу ұлттық педагогиканың мақсатына жатады. Ертеректегі ұлттық тәрбие қазақ халқында нақышты деңгейде қалыптасқан, бала тәрбиесіне бүкіл ауылдың үлкендері, әсіресе қарттары араласқан. Үлкендер балаларының өрескел мінез-құлықтарын көрсе ұрсып, зекіп, тыйым салуға, ақыл айтуға құқылы болған. Осындай ұлттық тәрбие арқылы отбасында жақсы тәлім-тәрбие алған азамат ертеңгі кезде ұлттың тағдырын ойлайтыны анық.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне, оның ішінде қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән бергені баршамызға мәлім. Кез-келген ата-ана қызының ертең барған жерінде балдай татып, судай сіңіп кетуін, жақсы жар, әдепті келін, аяулы ана болуын армандайды.

Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі ең алдымен отбасы тәрбиесіне баланысты. Бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мемлекеттік деңгейде қадағалануы тиіс. Отбасы дегеніміз – бұл шағын мемлекет. Мемлекеттің шаңырағы биік, керегелері тең, уықтары нық болуы үшін ұлттық бағытта тәрбие берудің маңызы жоғары. Ұлттық дәстүрлерден қол үзушілік тәрбиенің қайнар көзінен үзушілікке әкелетінін, ұрпақтар байланыстығы мен сабақтастығын бұзатынын, адамгершіліктің құлдырауын, еңбектің тәрбиелік мәнін құнсыздандыратынын тарихи тәжірибе қуаттап отыр. Демек, отбасы педагогикасымен байланысты мәселелердің маңызы ерекше. Сондықтан, қазіргі уақыттың маңызды проблемасы оқушылардың тәрбиесінде мектеп пен отбасының педагогикалық ынтымақтастығын толық жүзеге асырудың қажеттілігі туындайды.

Еліміздің болашағы бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыс насихаттау арқылы жүзеге асады.

Автор: Ж.Көбеев

Бөлісу: