AIDENTIS – стоматологияға арналған жасанды интеллект шешімдерінің жетекші әзірлеушісі – Қазақстан Стоматологиялық Ассоциациясымен (КСА) және Қазақстанның стоматология студенттері ассоциациясымен (DAS) стратегиялық серіктестік орнатқанын жариялады. Бұл ынтымақтастық жасанды интеллекттің озық технологияларын стоматологиялық практика мен білім беру жүйесіне енгізуге, сондай-ақ саланың отандық шешімдерін дамытуға бағытталған. Қазақстан Стоматологиялық Ассоциациясы еліміз бойынша 19 филиалды біріктіреді және стоматологиялық қызметтердің әртүрлі деңгейлерін ұсынатын жүздеген мамандарды қамтиды. AIDENTIS-пен серіктестік заманауи шешімдерді клиникалық диагностикаға енгізуге және жас мамандарды даярлау үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі стартаптың негізін қалаушы Асылзат Исатаймен сұхбат құрған едік.
AIDENTIS стартапын жасау идеясы қалай пайда болды? Нақты қандай мәселелерді шешуге тырыстыңыз?
Мен әкемнің стоматологиялық клиникасында жиі болатынмын және үлкен деректер бойынша білімімді медицинада қолдануға болатынын түсіндім. Яғни ақпаратты өңдеп, жас мамандарды оқытуға көмектесу үшін бұл таптырмас құрал болушы еді. Клиникада мен ортодонттың рентген суреттеріндегі параметрлерді қолмен есептеп, сызғыш пен қарындаш арқылы жақтың еңкею бұрышын, тістем түрін және басқа да мәліметтерді анықтап жатқанын көрдім. Бұл процесті автоматтандыру идеясы осылай пайда болды. Біз деректер жинай бастадық, содан кейін ML-әзірлеушілер командасымен модельді оқытып, MVP жасадық. Алдымен ортодонттарға арналған модульге назар аудардық. Қазір ауыз қуысы ауруларын анықтау үшін терапевттерге арналған модуль әзірлеудеміз.
Жаңа стартап стоматологтардың жұмысын оңтайландыру үшін рутиналық диагностикалық процестерді, соның ішінде телерентгенограмма (ТРГ) есептеу мен рентген суреттерін талдауды автоматтандыратын шешімдерді әзірлейді. Жасанды интеллектті қолдану арқылы платформа дәрігерлерге деректерді талдауға кететін уақытты қысқартып, пациенттерді емдеуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе тәжірибесін жаңадан бастаған жас мамандар үшін маңызды, өйткені оларға сенімділік беріп, нақты диагностикалық құралдармен қамтамасыз етеді.
Сіздің стартапыңыздың басты айырмашылығы неде? Қандай жасанды интеллект технологияларын қолданасыз?
Біздің стартаптың басты ерекшелігі – бұлттық шешім жасау, оны пайдалану үшін тек компьютер мен интернет қажет. Дәрігерлер рентген суреттерін жүктеу үшін жеке аккаунт алады, ал жасанды интеллект оларды талдап, автоматты түрде визуалды презентация жасайды. Бұл диагностиканың дәлдігін арттырып қана қоймай, емдеуді жоспарлауды жылдам әрі тиімді етеді. Біз CNN архитектурасы бар түрлі жасанды интеллект модельдерін қолданамыз.
Біздің бірегейлігіміз тек стоматологиядағы диагностиканы жақсартумен шектелмейді. Біз стоматологиялық саланың толыққанды экожүйесін құруға ұмтыламыз, оған технологияларды практикалық қолдану ғана емес, болашақ мамандарды оқыту бағдарламаларына біріктіру де кіреді. Бұл студенттерді заманауи цифрлық құралдар мен әдістерге үйретіп, оларды кәсіби қызметтеріне жасанды интеллектті енгізуге бастан-ақ дайындауға мүмкіндік береді.
Стоматология тікелей адам денсаулығымен байланысты болғандықтан, жасанды интеллектті қолдану қаншалықты қауіпсіз? Ол емдеу процесінде қандай рөл атқарады?
Медицинадағы кез келген технология сияқты, стоматологияда жасанды интеллектті пайдалану мұқият тексеруді, сенімділікті және тұрақты бақылауды қажет етеді. Қазіргі уақытта AIDENTIS-тің жасанды интеллекті дәрігердің орнын баспайды, керісінше, оған көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Ол мамандарға шешім қабылдау процесін жылдам әрі дәлірек жасауға көмектеседі. Біздің платформамыздың басты мақсаты – диагностиканың дәлдігін арттырып, рентген суреттерін талдау уақытын қысқарту, осылайша дәрігерлер емдеудің күрделі аспектілеріне көбірек көңіл бөле алады.
Біздің алгоритмдеріміз үлкен көлемдегі деректер негізінде оқытылып, көпдеңгейлі тексеруден өтеді. Бұл тексеру дәрігерлердің нәтижелерімен салыстыруды да қамтиды. Сондай-ақ, біз стоматологтардан үнемі кері байланыс алып, модельдің дәлдігі мен оның қазіргі медициналық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеміз. Егер қандай да бір күмән туындаса, дәрігер әрқашан нәтижелерге қолмен түзету енгізе алады, бұл қателік ықтималдығын барынша азайтады.
Маңыздысы – AIDENTIS жасанды интеллекті дәрігердің орнына шешім қабылдамайды, ол тек көмекші рөлін атқарады. Ол ықтимал мәселелерді анықтап, емдеуді жоспарлауды жақсартады және пациенттердің клиникаға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Мұндай технологияларды қолдану диагностика процесін дәлірек әрі жылдам етеді, бұл стоматологияда өте маңызды, өйткені қателіктер науқастың денсаулығына елеулі салдар әкелуі мүмкін.
Өніміңізді әзірлеу барысында қандай негізгі қиындықтарға тап болдыңыз? Қолдау қайдан немесе кімнен алынды?
Өнімді әзірлеу барысында басты қиындық – медициналық кескіндерді дәл және тиімді талдайтын модель жасау болды. Бұл үшін сапалы деректерді жинауға, сондай-ақ модельді күрделі медициналық суреттермен оқыту және тестілеуге көп күш жұмсау қажет болды.
Бастапқы кезеңде стоматолог-дәрігерлерді жаңа технологияларды енгізудің қажеттілігіне сендіру қиынға соқты. Көптеген мамандар автоматтандыру идеясына күмәнмен қарап, жүйенің олардың тәжірибесін алмастыра алмайтынын немесе жеткілікті дәл ақпарат ұсына алмайтынынан қауіптенді.
AIDENTIS-тің болашаққа жоспары қандай? Қандай жаңа мүмкіндіктерді енгізуді жоспарлап отырсыз?
Болашақта AIDENTIS өз мүмкіндіктерін белсенді түрде кеңейтуді жоспарлап отыр. Біз платформаны дамытуды жалғастырып, алгоритмдерді тек ортодонтиялық ауруларды ғана емес, сонымен қатар кариес, пародонтоз сияқты басқа да стоматологиялық патологияларды диагностикалау үшін жетілдіріп жатырмыз. Осы бағытта біз жаңа модуль әзірлеудеміз, ол стоматологтарға тіс пен сүйек тіндерінің жағдайын дәлірек анықтауға көмектесіп, диагностика процесінің дәлдігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сізде инвесторлар бар ма? Жобаның қаржыландырылуы қалай жүзеге асырылады?
Иә, бізде инвесторлар бар. Бастапқы кезеңде жобаны алғашқы инвесторымыз, CerebraAI компаниясының негізін қалаушы Досжан Жүсіпов қаржыландырды. Кейіннен менің кофаундерім Жәнібек Бокаев та жобаға инвестиция салды.
2022 жылы біз Digital Bridge аясында өткен стартап-баттлда MOST Ventures-тен $20 мың қаржы ұттық. Ал 2024 жылы біз $200 мың инвестиция тартып, бұл қаражатты өнімімізді одан әрі дамытуға бағыттадық. Атап айтқанда, диагностикалық модульді жетілдіру, маркетинг, сату бөлімінің жұмысын құру және команда кеңейту үшін пайдаланамыз.