Қазақстан кинотеатрларында архивте сақталған тарихи видеолар көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының архивінде сақталған кино, фото және аудиоқұжаттар негізінде жасалған бейнематериалдар әзірледі.
Тарихи көрсетілім еліміздегі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы – жалпы 24 кинотеатрда, әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері кешкі уақытта көрсетілуде.
Көрсетілетін бейнероликтер «Қазақстан тарихындағы ең алғашқы фотосурет», «Қазақстан тарихындағы ең алғашқы аудиожазба», «Түрксіб – Шығыс пен Батысты жалғаған жол», «Алматы архитектурасының эволюциясы», «Нейрожелінің көмегімен өмірге келген этнографиялық фотосуреттер» сынды түрлі тақырыптарды қамтиды. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мен «Cinema Invest Group» ЖШС Кинопаркі арасында аудиовизуалды құжаттарды насихаттау жөніндегі ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандум аясында жүзеге асырылды, - делінген мәліметте.
Бұл бастама көрерменнің назарын тарихи материалдарға аудара отырып отандық тарих пен мәдениетке деген қызығушылықты арттыруды көздейді.