Отандық ғалымдар жаңа астрофизикалық жобаны іске асырады

1 Қазан 2023, 15:19 747
ҚазҰУ ғалымдары жаңа астрофизикалық жобаны іске асырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары астрофизикадағы шағын нысандардың магнитосферасында болатын физикалық құбылыстарды зерттеу бойынша ғылыми жобамен жұмыс істеуде. Жобаға PhD Сәкен Тоқтарбай жетекшілік етеді.
Жобаның мақсаты – қара құрдымдар мен нейтрондық жұлдыздар сияқты ықшам объектілердің магнитосфера ішіндегі зарядталған бөлшектердің динамикасын аналитикалық сипаттау, сандық модельдеу және алынған нәтижелерді рентген сәулесінен квазипериодтық тербеліс сынды жоғары энергиялы астрофизикалық құбылыстарда қолдану болып отыр.
Қазіргі таңда астрофизикадағы шағын объектілердің қара құрдымдар мен нейтрондық жұлдыздардың магнитосферасында болып жатқан физикалық құбылыстарды зерттеу әлемде аса қарқын алды. Осы реттегі біздің негізгі бағытымыз – қисық кеңістік-уақыттағы зарядталған бөлшектердің тербелістерін, олардың шашырауы мен ыдырауын ескере отырып, біріктірілген гравитациялық және электромагниттік өрістердегі әртүрлі жоғары энергиялық процестерді аналитикалық және сандық зерттеулер жасау. Теориялық зерттеулердің нәтижелері микроквазарлардың квазипериодтық тербелістері, ықшам объектілердің релятивистік ағындары, аса жоғары энергиялы ғарыштық сәулелер және жалпы салыстырмалық теориясының релятивистік әсерлері маңызды болатын, әлі де толық түсіндірілмеген құбылыстарды түсіну үшін пайдалы және қолдануға болады, - дейді жоба жетекшісі Сәкен Тоқтарбай.
Теориялық зерттеулер үшін ҚазҰУ-дың жас ғалымдары жалпы салыстырмалылық, электродинамика және бөлшектер физикасы әдістерін қолданады. Осылайша олар зерттелетін модельдер мен сценарийлердің параметрлерінің шектеулерін табуды жоспарлап отыр.
 
Асқар Таудай
Бөлісу: