Отандық ғалым онкологияға қарсы дәріні ойлап тапты

23 Қаңтар, 13:19 1808

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баспасөз мәслихатында отандық ғалымдар онкологияға ауруларына қарсы тұра алатын дәрі ойлап тапқанын тілге тиек етті, хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр бүгінгі таңда шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды елге қайтару жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.

Өздеріңіз білетіндей, 90-жылдары мықты ғалымдарымыз түрлі себептермен шетелге кетіп қалды. Кейбір атақты ғалымдардың шетелде үлкен зертхананы басқарып отырғанын көріп жүрміз. Солардың бәрін айқындап, ақырындап-ақырындап осы екі жылдың ішінде сөйлесіп жатырмыз. «Қазақстанға қайту үшін қандай шарттар жасауымыз керек? Қайта аласыз ба? Қайтуыңыз үшін біз біз не істей аламыз?» деген сауалдарға жауап іздеудеміз, – деді Саясат Нұрбек.

Атақты ғалым Дос Сарбасов Техас университетінің Андерсон үлкен онкологиялық орталығында көп жылдар жұмыс істеген. Ол Қазақстанға қайтып оралды.

Қазір біздің ұлттық зертханамыздың басшысы. Менің қолымда осы ғалымның еңбегімен Қазақстанда тұңғыш шығарылған DVC деген онкологиялық дәрі-дәрмек тұр. Бүгінде осы дәрімен Алматының онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында 15 адам емделіп жатыр, – деді министр. 

Айта кетейік, Дос Сарбасов – биотехнолог. Ол жасушалармен айналысады. Яғни, ғалым ісік жасушаларының қорыту процесін бұзатын дәріні ойлап тауып отыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: