Отандық фармацевтика өндірісінің көлемі 95 млрд теңгеге дейін өсті

13 Тамыз, 11:26 557

ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық фармацевтикадағы компанияларды қолдау шаралары қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.

2024 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 95 млрд теңгеге дейін ұлғайды, өсім 14,5%-ды құрады. Бүгінгі таңда 35 қазақстандық өндірушімен 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім түрін жеткізуге 94 ұзақ мерзімді шарт жасалды. Үш жыл ішінде ұзақ мерзімді шарттар шеңберінде толық көлемге кезең-кезеңмен шығу жоспарланған.

Жылдың соңына дейін өзге 24 отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттардың жасалуы арқылы 1 412 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жеткізілуі қарастырылуда. Дәрілік заттарды сатып алу кезінде отандық өндірушілер үшін преференциялар белсенді пайдаланылады. Мәселен, осы тетікті пайдалана отырып, биылғы алты айда 29,5 млрд теңгеге 196 дәрі-дәрмек түрлері жеткізілді, — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ тізбесі негізінде кең таралған ауруларды емдеуге арналған басым дәрілік заттардың тізімін жасады. 283 дәрілік зат іріктеліп алынды, осы тізімдегі 107 дәрілік заттар Қазақстан аумағында өндіріледі. Еліміздің дәрілік қауіпсіздігінің тұрақты базалық деңгейін қамтамасыз ету үшін таяу болашақта қалған 178 басым дәрі-дәрмектің өндірісін жолға қою қажет.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство әзірлеген отандық фармацевтика өндірушілерін қолдау шараларын ұсынды. Отандық өндірістің медициналық техникасын сатып алу үшін басымдықпен «Қазмедтех» АҚ арқылы қаржы лизингінің тетігін қайта бастау, сондай-ақ компанияларды фармацевтика өндірісінде пайдаланылатын этил спиртіне акциздер төлеуден босату ұсынылды.

Жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша отандық тауар өндірушілерді ынталандыру үшін келесідей шаралар іске асырылатын болады: «тендер» тәсілімен сатып алу кезінде жергілікті қамтудың неғұрлым жоғары үлесі бар ОТӨ үшін шартты жеңілдік тетігін пайдалану және локализациялау тереңдігіне қарай ұзақ мерзімді шарттардың қолданылу мерзімдерін айқындау қажет, — деп мәлімдеді министр.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде МСАК объектілерін жобалау және салу кезінде отандық өндіріс өнімдері міндетті жарақтандыру тізіміне енгізіліп, 72%-дан астамды құрады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: