Отандық киноөндірісінде "Рухани жаңғыру" болды ма?

16 Сәуір 2018, 10:50 6980

Биыл шыққан кинокартиналарға шолу

Биыл Қазақстан киносында ерекше белсенділік байқалады. Жыл басынан бері осы күнге дейін (материал 13 сәуірде жазылып бітті) 17 кинокартина шығып үлгерді. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда сан жағынан динамика бар (2017 жылғы қаңтардан сәуір айының соңына дейінгі аралықта 13 картина прокатқа шыққан).

Жанрлық тұрғыдан де түрлене бастағанын көруге болады. Біздің кинода отбасылық комедия, ромком бағытындағы фильмдердің үлесі басым екені рас қой. Алайда жаңа жанрлар мен бағыттар игеріле бастағаны қуантады.

Үреймен күлдірту

Жаңа жанрларды игеру туралы айтқанда Нұрлан Батыровтың «Проявление»,  Дәстен Шәкіровтың «Қараман» картиналары еске түседі. Бұлар қазақ киносында сирек қолданылып жүрген – хоррор, мистика жанрларын барлап көрген.

Вайнер немесе басқа да интернет-тұлға киноға келді десе, бірден той-томалақ төңірегіндегі немесе жеңіл комедия еске түседі. Бірақ Нұрлан Батыровтың («Безумная женщина» инстаграм-пантомимасының авторы) үлкен кинодағы сценарийшілік, режиссерлік һәм продюсерлік дебюті, анау-мынау емес, хоррор жанрынан болып отыр. Хоррор – тек қорқытып-үркітуді ғана емес, адам психологиясы мен ішкі сырына үңілетін, ерекше кино атмосферасын талап ететін бағыт. Қазақстан үшін бұндай сирек құбылыс біраз киносүйерді алдын-ала қызықтырып қойғаны рас. Көптен көрінбей кеткен актер Нияз Әбдіғапардың да осы фильм арқылы оралуы интрига туғызғандай еді. Ол жобада Батыровпен бірге режиссерлік міндетті бөлісті.

DAR Play ресурсының шолушысы «Проявлениеге» бес балдық жүйемен «төрттік» қойыпты. Жазбада техникалық орындалу тұрғысынан кемшіліктер болғанымен, дебют үшін жаман емес екені айтылады. Сыншы Карим Кадырбаев «шикілеу, алайда қызығушылық оята алатын триллер» деп атайды. «Афиша» шолушысы Қуанышбек Жақпаров фильмді тас-талқын қылып сынап, «хоррор-вайн» деп сипаттайды. Автордың жазуынша үркітуден гөрі күлдіртетін тұстары басым.

«Қараманның» прокаттағы жолы енді басталды, ал «Проявление» фильмінің кассалық түсімі белгілі – 2 миллион теңгеден сәл асады. Бұл жерде табыс түгілі, шығынды ақтау туралы айтудың өзі артық. Хоррорға біз әлі бой үйретпеген секілдіміз.

Музыка мен мюзикл

Музыка мен ән төңірегінде «Бойжеткен» музыкалық мелодрамасын, Баян Алагөзованың «Сиситай» мюзиклын атауға болады.

«Бойжеткен. Все из-за нее» картинасына қатысты пікірлер көбіне оң болды. Белгілі киносыншы Карим Кадырбаев картинаның үш плюсін атап өтіпті: 1) сюжеттік құрылымның қарапайымдығы: соның есебінен оқиғасы бәріне түсінікті, көпшіліккке жақын; 2) атмосферасы: Алматының ескі бөлігінің көптеп көрініс табуы, көрерменге таныс көшелер; 3) жағымды музыкасы. Рецензент минусы ретінде фильмнің жалпы алғанда анахронды екенін, кейіпкерлердің аздап қазіргі трендтерге сай емес екенін атап өтіпті («Бродвей»).

Қуанышбек Жақпаров есімді рецензент «Бойжеткеннің» негізгі кемшілігі деп басты рөлдерде ойнаған Әлия Наурызбаева мен Ерболат Ержановтың актерлік шеберлігін нұсқайды. Автор музыкалық сүйемелдеуіне жақсы баға береді («Афиша»).

Аружан Өмірбаева есімді рецензент те музыкасының сәтті таңдалғанымен келіседі, алайда кейіпкерлердің диалогына, сюжеттегі олқылықтарына кінәрат айтыпты. «Бойжеткен» дебют үшін жаман емес, бірақ кинопрокат үшін орташа дейді («Восьмерка»).

Кинопрокат демекші, 50 миллион теңгеге түсірілген «Бойжеткен» 2 миллион 885 мың теңге ғана табыс тапты. Ал «Сиситайдың» прокаттағы жолы сәттірек деуге болады. Өндірісіне 400 мың доллар  жұмсалып (шамамен 128 миллион теңге), Қазақстан нарығынан 100 миллиондай жинапты. Жоғарыда сөздері келтіріліп, есімдері аталып өткен «Бродвей», «Афиша» порталдарының авторлары «Сиситайға» келгенде жылылық танытып, аса қатты сынға алмаған.

Алайда бәрінің пікірі оң деуге болмайды. Алғашқы қазақстандық мюзикл деп ұсынылған картинаның барлық минусын «Бас Фит» youtube-арнасы атап өтіпті (ескертеміз: бейәдеп сөздер кездеседі): 

Екі қоянды бір оқпен

Белгілі бір кино өнімін екі түрлі монтаждан өткізу тәсілі бар. Бұндай тәсіл Ресейде сәтті қолданылып жүр. Яғни кино немесе телевидение өнімінің кинода көрсетуге арналған және телеарнадада сериал форматында көрсетуге арналған екі нұсқасы жасалады. Қазақстанда «Қазақ хандығы» жобасы осының жарқын үлгісі. Биыл «Қазақстан» және «Хабар» арналары эфирге арналған өнімдерін алдымен үлкен кинода «прокаттап» алуға бел байлапты. Атап айтқанда Алаш қайраткерлері туралы «Тар заман» тарихи драмасы және Ақтауда түрмеден қашқандарды бір өзі тоқтатқан сарбаздың ерлігі туралы «Алтыншы бекет» / «Шестой пост» боевигі.

Маркетинг тұрғысынан бұндай тәсіл тиімді шығар: кеткен шығынның аз да болса бөлігін өндіріп алуға болады, әрі телеформатқа шыққанға дейін көрермендерді дайындап, сериал нұсқасына жақсылап жарнама жасап алуға да болады. Алайда әу-баста сериал болуы тиіс материалды толықметрге қысқарту сюжеттің қырқылып-қиылуына, нәтижесінде бүкіл құрылымның бүлінуіне алып келуі мүмкін.

Аталған фильмдерді көрермен қалай қабылдағанын білу үшін бағалау жүйесіне сүйенген дерек қажет. Біз kino.kz сайтының рейтингіне жүгінеміз, өйткені бұл сайт Қазақстанда киноға арналған ең ірі және танымал ресурс. «Тар заман» 10 балдық жүйе бойынша 4,8 деген, «Алтыншы бекет» 8,5/10 деген баға алған.

Ноу-хау?

Мүлдем соны жанр (әлде поджанр) өнімі ретінде – «Регистраторды» атап өту қажет. «Статикалық камера» стилінде жасалған киноның оқиғасы бір ғана ракурстан көрсетіліп, автомобилдің ішінде өтеді. А-ля видеотіркегішке түсіп қалған жағдай.

«Регистратор» соны жанр болғанымен, жасаушылары бұрыннан белгілі адамдар. «Патруль» ситкомынан белгілі, одан әрісі КВН-нан келе жатқан әмбебап юмористер: өздері режиссер, өздері сценарийші, өздері актер, өздері продюсер.

«Sputniknews» колумнисті Дмитрий Мостовой аталған фильмді Қазақстанның 2018 жылдағы ең қалыптан тыс комедиясы (әзірше) деп атайды. Варвара Литвинова есімді журналист бір планмен түсірілгеніне қарамастан, іш пыстырмайтын трэш дейді («Бродвей»). «Афишаға» жазған Юлия Новикованың да, «Yvision» блогері Артем Волковтың рецензияларынан айтарлықтай негатив пікір байқамадық. Эксперимент жоба жалпы алғанда жақсы қабылданған секілді.

«Қазақфильм» арт-хаусқа кетті

Жыл басынан бері «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен екі картина шықты. «Оазис» - жазушы Смағұл Елубаев сценарий авторы болған, ұлы Бегарыс Елубаев режиссерлік еткен тәмсіл-картина. Екінші фильм – «Әміре» анағұрлым ауқымды жоба: Голливудтан келген режиссер Джефф Веспа мен сценарийші Бенжамин А. ван дер Вин, Австралия актрисасы Эбби Корниш және британ актері Бен Элдридж – бәрі кинокартинаның халықаралық статусынан хабар береді. Париж сахнасында ән салған Әміре Қашаубаевтың өміріне арналған фильмді ұлттық дегеннен гөрі, имидждік деп қарастырған дұрыс сияқты. «Әмірені» халықаралық прокатқа шығару арқылы Қазақстанды, қазақ халқының мәдениетін әлем жұртшылығына көрсету көзделген.

IMDb атты фильмдерді бағалауға арналған әлемдік сайтта «Әміренің» қазіргі рейтингі - 8.6 (10 балдық жүйе). Бастапқы әсермен, қызу қандылықпен қойып кеткен көрермендердің бағасы деп санағанның өзінде әлемдік ресурста қазақстандық картинаның осындай рейтингке ие болғаны жақсыдан үміттендіріп қояды.

«Қазақфильм» бұнымен шектеліп қалмайтыны анық. Әділхан Ержановтың «Таңсәрі» / «Ночной бог», Азизжан Заиров пен Мұхамед Мамырбековтың «Девушка и море» картиналарын көрсетілімге дайындап жатыр. «Қазақфильм» өткінші, бұқаралық киноға ғана емес, жекелеген авторлардың идеяларын жүзеге асыруға да көбірек көмектесе бастағаны қуантады.

Жыл басынан бері осы күнге дейін шығып үлгерген отандық кинотуындылар:

1. «Потерянное счастье»

2. «По любви»

3. «Оазис»

4. «Проявление»

5. «Каникулы в Таиланде»

6. «Тар заман»

7. «Я - жених!»

8. «Бойжеткен: Все из-за нее»

9. «Сиситай»

10. «Алтыншы бекет» / «Шестой пост»

11. «Класстастар»

12. «Регистратор»

13. «Той любой ценой»

14. «Әміре» / «Амре»

15. «Жена – не стена»

16. «Көкжалдар»

17. «Қараман»

Енді аздаған статистика:

Қолда бар деректің негізінде («Тикетон», «Меломан» компанияларына рахмет) біз қарастырып отырған кезеңнің касса лидерлерін анықтайық. Көп табыс тапқан үздік бестік мыналар:

1. «Каникулы в Таиланде» - 127 101 927 теңге

2. «Я - жених!» - 161 742 400 теңге

3. «Сиситай» - 99 408 465 теңге

4. «Алтыншы бекет» / «Шестой пост» - 5 695 200 теңге

5. «Бойжеткен: Все из-за нее» - 2 885 850 теңге

Қолымызда барлық фильмнің бокс-офисы жоқ. Сондықтан бұл рейтингті түпкілікті және объективті деп қарастырмауды сұраймын.

Kino.kz киносайтының нұсқасы бойынша үздік 5 фильм. Рейтинг көрермендердің қойған бағалары негізінде жасалады:

1. «Қараман» - 9.1

2. «Алтыншы бекет» / «Шестой пост» 8.4

3. «Регистратор» - 7.9

4. «Каникулы в Таиланде»- 7.5

5. «Әміре» / «Амре» 7.3

Ернар Бекенов
Бөлісу: