«Отандастар қоры» КеАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағының республикалық қоғамдық бірлестігі 2025 жылға арналған «Ұлы Дала» халықаралық байқауын жариялайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Байқаудың мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтардың арасында қазақ тілін, дәстүрлері мен мәдениетін ілгерілету және насихаттау.
Сонымен қоса, шетелдегі этникалық қазақтардың көші-қоны тарихы мен өмір жолдарын, олардың тұрмыс-салты мен дәстүрлерін, әдебиеті мен өнерін және басқа да тақырыптарды қамтитын көркем-әдеби, тарихи шығармалар мен ғылыми зерттеулер жинағын шығару.
Байқаудың негізгі мақсаты мен міндеттері
Шетелдегі этникалық қазактардың тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, ғылымы, білімі, өнері, олардың қазақ руханиятына қосқан үлестері туралы шетелдік белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар мен өнерпаздардың туындыларын басып шығару арқылы ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді жаңа қырынан тану.
Шетелдегі қазақтардың тарихы, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті, ғылым мен өнері, рухани дамуына үлес қосқан танымал, белгілі этникалық қазақ өкілдерінің есімдерін қазақстандық көпшілік қауымға кеңінен таныстыру.
Жас ұрпақтың бойында төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген қызығушылықты күшейту, ұлттық сананы жаңғырту.
Байқау өткізу мерзімі және тәртібі
Байқауды ұйымдастыру және өткізуге Жұмысшы тобы жауапты.
Байқауға қатысу туралы өтінім мен шығармалар 2025 жылдың 1 мамырына дейін қабылданады. Өтінімдер келесі мекенжайға жіберілуі тиіс: Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, 12/1 үй, «Отандастар қоры» КеАҚ, немесе пошта арқылы: otandastar2025@gmail.com
Байқауға қатысу шарттары
Байқауға шетелдердегі этникалық қазақтар, отандастар, шетелдік ақын-жазушылар, тарихшылар, ғалымдар, мәдениет, өнер және қоғам қайраткерлері, журналистер, жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Байқауға шетелдегі этникалық қазақтардың тарихы, салт-санасы мен дәстүрі, әдебиет пен мәдениет, театр, спорт, өнер, ғылыми салаға байланысты шығармалар, сондай-ақ шетелдегі тарихи, белгілі танымал тұлғалар және олар туралы еңбектер ұсынылады.
Жұмысқа қойылатын талаптар
Формат: Word немесе PDF
Шрифт: Times New Roman, 14 кегель, жоларалық интервал – 1
Қатысушы туралы ақпарат: аты-жөні, мемлекеті, жасы, байланыс телефоны
Автор авторлық құқықтың берілуіне кепілдік береді.
Байқау жеңімпаздарының жұмыстары
Байқау жеңімпаздарының жұмыстарын, баспадан шыққан кітаптарды Ұйымдастырушы еліміздегі ірі кітапханалар мен ғылыми-мәдени орталықтарға таратады. Кітаптардың электронды нұсқасы «Отандастар қоры» мен Қазақстан Жазушылар одағының веб-сайттарына орналастырылады.