От пен жалын!

21 Сәуір 2014, 05:21

2011 жылдың тамызында Бейбіт Шүменов Лас-Вегаста Дэнни Сантяго атты американдық боксшымен қолғап түйістірген еді.

2011 жылдың тамызында Бейбіт Шүменов Лас-Вегаста Дэнни Сантяго атты американдық боксшымен қолғап түйістірген еді. Бұл жекпе-жекте Бейбіт жеңіске жетіп, америкалық басылым беттерінде "От пен жалын!" деген тақырыппен жарық көрді.

Бейбiт Шүменов жырақта жүргендiктен, көбiне оның жағдайын бiлу үшiн Шымкенттегi әкесi Әмiрхан ағамызға қоңырау шаламыз. Мән-жайды айтып, Бейбiт жайлы әңгiменi бастасаңыз, Әмiрхан ағамыздың ет-бауыры елжiреп, iшiндегiнiң барлығын жайып салады. Ә дегеннен-ақ, ашық Әңгiменiң тиегi ағытылып, әке мейiрiмi телефон тұтқасының арғы бетiнен анық аңғарылып тұрады. Өзiнен осындай құрыш бiлектi, тебiнген бұла тектi ұл туғанына дән риза секiлдi. Баласының бағындырған белесiне, қонған тұғырына қарап үнемi тоқмейiлсiп жүретiндiгi де бiрден сезiледi. Өткен жылы украин тарланы Вячеслав Узелковты жеңгенде «Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» деп әспеттеп жазған мақаламнан соң, ардақты әке Бейбiттiң әр кездесудегi жеңiсiн маған сүйiншiлеп хабарлайтын болды. Кешегi ақжол хабарды да жеткiзу үшiн аптыға қоңырау шалып: «Жандос бауырым, сүйiншi! Бейбiт тағы да ерледi. Атағын абыроймен қорғап қалды. Американың төрiнде айбарланып, 9-раундта жеңiске жеттi», – деп екi-үш сөйлемдi бiр деммен жеткiздi. Әлем шоу-бизнесiнiң астанасына айналған Лас-Вегастағы қос мықты арасындағы жекпе-жек түн жарымында басталғанмен, қазақ даласында 13 сағат айырмашылықпен таң ата көрсетiлдi. Таңмен келген сүйiншi хабар ұйқысын әрең ашқан барша қазақты дем арада жадыратып, асқақтатып жiбердi. Әмiрхан ағаның үйiнде тағы да ұлы той! Қазығұрт жұрты 9-раундтан соң-ақ Әмiрхан ағаның үйiне беттей бастапты. Тұңғышы келiн түсiрген шаңырақтай шашу шашып, той-думанға ұласып, айнала мерейлене түсiптi. Әмiрхан ағамыз жұрттың қамын ойлап, баршаға қуаныш сыйлайтын аңыздағы Толағайдай төбел ұлды дүниеге әкелген әке екенiн ұғып, Құдайға шүкiршiлiгiн жаудырыпты. Ал, бiр әкесiнiң ғана емес, күллi қазақтың мерейiн өсiрген Бейбiттi сол мезетте қауырсындай жеңiл сезiм баурағанмен, қорғасындай ауыр ойдың айналғаны айтпаса да түсiнiктi. Себебi, жеңiске жету бiр сәттiк қуаныш болғанмен, сол атағын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай қорғап қалу қиынның қиыны. Қай кездегiдей боксшы үшiн атағын қорғап қалудан гөрi, соған таласу моральдық тұрғыда да жеңiлге түседi. Сондықтан, қазақтың күдiре ұлы Бейбiттiң бұл жетiстiгi жерiн жаудан қорғап қалмаса да, елiн жұттан аман алып қалмаса да ерлiкпен пара-пар. Оның үстiне атағын бiрiншi рет емес, үшiншi рет қорғап тұр. Нық сенiммен қол сiлтейтiн 15 миллион қазақтың ортасында емес, жүйрiк жылдап шапса да жете алмайтын алыстағы алып құрлық Америкадағы жүздеген қазақ студенттерiнiң арасында. Айналасының барлығы ағылшынша сайраған жат жерде сол елдiң үкiлеп қосқан Дэнни Сантяго атты тарпыған бура тектi, бұқадай сүзiнiп, тұлпардай жер тепкiлеген үздiк боксшысына қарсы азуын батырды. Миллиондап бәс тiккен американдық кәсiпкерлердiң үдесiнен шығу үшiн емес, Бейбiт деп еркелеткен қазақтың сенiмiн ақтау үшiн әр соққысын әруақтана дарытты. Iштей «Шiркiн, қазақ баласының мына екпiнiн әлем көрсе ғой, тамсана, қызғана қарайтын» деп ойладық.

Бейбiттiң үшiншi мәрте атағын қорғамақ болған жекпе-жегiн көруге таң атпай «Еларнаға» телмiрдiк. Тарамыс тамырларында ар мен намыстың қоспасындай қан қайнаған Бейбiттiң сол кейпiн-ай! Майда тамырларына дейiн бiлеуленiп, ұрысқа асығып тұр. Құдды бiр сайқымазақтай билеп шыққан қарсыласына «Сенi шаршы алаңға шығарған ақшаның буы болса, менi алып шыққан Алаштың намысы, ел-жұрттың аманаты» дегендi iштей тiстенiп айтып тұрғандай.

Сонымен, даусы зор хабарлаушы екi боксшының атақдаңқын тiзiп шыққан соң, Бейбiттiң ғана белiне «шақталып» тiгiлген белбеуге қос боксшыны да телмiртiп бiраз тұрды. Бейбiт «белбеу өз иесiн табар» дегендей, шiмiрiкпедi. Ал, талай оғланның белбеуiн тартып алған Дэнни Сантяго болса тәжiрибесiне сенiп, «Чемпиондық атақ саған он кездесуде оңай олжаға айналыпты. Сабаңа түсiрер кәсiпқой бокстың сақалары әлi алдыңнан шықпапты. Шын мықты болсаң, бүгiн соны дәлелде» деп Бейбiттi көзiмен қайрап тұр. Шынында да, американдық боксшы Атланта Олимпиадасына iлiкпей қалғаннан кейiнгi ғұмырын кәсiпқой боксқа арнапты. Спорттық ғұмырында жығылғанынан жыққаны басым. Бейбiттi де қарсылас көрмей, көп жеңiлiс құрбандарының бiрi деп шекесiнен қарайды. «Жеңсем жарармын, жеңiлсем өз промоутерлiк кәсiбiмдi ашамын» деп арасында өзiн-өзi алдарқатып қояды. Өйткенi, қарсылас бұрыштан қарап тұрған Бейбiттiң көзiндегi жалын Дэнни Сантягоның қарашығындағы оттан басым көрiндi. Шынын айту керек, Бейбiттi қазақ елiнде бiлетiндерден гөрi Америкада танитындар жиiрек. Әсiресе, ойынсауықтың ордасы Лас-Вегас жұрты Бейбiттi көшеде кездейсоқ кездестiрсе, жазбай таниды. Өйткенi, ағылшынша бiр сөз бiлместен нартәуекелге барып, Америкаға жол тартқан Бейбiттiң жүрiп өткен жолы да өз алдына бiр әңгiме. Ал, қазiр сол Бейбiт ағылшынша сөйлегенде, алдына жан салмайды. Сол Бейбiтпен етене таныс американдық жанкүйерлер осы жекпе-жектi «От пен Жалын» деп атапты. Отқа жалын кеп қосылса дем бермей ме, ал, жалынға от қосылса одан сайын шарпи түспей ме? Оттың емi су едi ғой деймiз iштей. Сөйтсек, бұл атаудың да берер мағынасы бар екен. «От» дегенi отандастарын аспандатқаны, «Жалын» дегенi жаттың ұлын мойындағаны. Мiне, қызық! Қос бұрышта ұрысқа асығып, қолдарымен кезек-кезек ауа қармап тұрған жұдырық иелерiне 1-раундтың дабылы қағылды. Екеуiнен де асыққан кейiп байқалмайды. Бiрбiрiнiң әдiсiн аңдап, әлсiз жерiн байқап жүр. Арагiдiк қол сермеп, аздап қытығына тиiп қояды. Бейбiттен бойы аласа болғанмен мығым денелi, жуан бiлектi Дэнни Сантяго көп қорғанып, сирек шабуылдайды екен. Ал, Бейбiт болса ретi келсе соққы жұмсайды. Бас-аяғы 12 раундтық жекпежектiң алғашқы 5 раунды Бейбiттiң сәл ғана басымдығымен жалғасып отырды. Бiрақ, кәсiпқой бокста ұпай санының көптiгi жиi көмектесе бермейтiндiгiн ескерген Бейбiт аяқ астынан 6-раундта ақжем жұтқан тастүлектей түлеп шыға келдi. Қос қолына тас байлағандай жұдырығы қарсыласына зiлдi батып жатты. Екi аяққа жел бiтiп, қосымша күш алғандай екiншi деммен шабуылды бастады. Дегенмен, соққылары екiпiндi болғанмен, Дэнни амалын тауып, сытылып шығып кетiп отырды. Арасында ол да Бейбiтке жұдырығын иiскетiп қойып жатты. Бiрақ, американдық шаршы алаңдағы қысымнан уақыт дабылын тағатсыздана күтетiн боксшы екендiгi 7-раунд аяқталарда анық байқалды. 8-раунд басталғаннан Дэннидiң апшысын қуырып, адымын аштырмастан әрi-сәрi қылды. Соңғы раундтарға дейiн күшiн есеппен ұстайтын Бейбiттiң де жүрiсi сылбыр күйге түскенмен, қарсыласынан әлдеқайда әлдiрек едi. Мiне, қақпанға аяғын өзi сiлтеп жүрген кезде, тетiгiн баса салу ғана жетiспей тұрды. Алайда, бұл жолы да американдық уысынан шығып кеттi. Үзiлiс Дэнни үшiн әл дәрменiн жинап алуға үлкен мүмкiндiк. Ал, Бейбiт болса рефери тоқтатпайынша шаршы алаңда сүркiл салып жүр. Келесi раундты асыға күтедi. Сонымен тоғызыншы раунд та басталды. Белден басқан бүркiттей қарсыласына шүйлiге түскен Бейбiттен осы жолы құтылмайтынын сезген Дэнни шынтағымен басын қорғаумен жүр. Ал, Бейбiттiң қара қабырғадан төмен ала дүрсiлдете, жүдемелдете дарытқан соққылары жүйрiктiң орама тұяғындай iз қалдырып жатты. Серiппелi қос жұдырығы Дэннидiң ашық бетiне кезек-кезек дарып жатты. Американдық бас сауғалады, ал Бейбiт болса доданың дуына масайған көкпаршыдай Әруақтана түстi. Ақыры, рефери араша түсiп, бүгiлiп қалған Дэннидi дер кезiнде аман алып қалды.

Көк туын көкке көтерген көрермен Бейбiттiң басым түскендiгiн көрiп, шаршы алаңға қоғадай жапырылды. Ал, Бейбiт болса қайта-қайта елiм көрсiн дегендей камераға қарайды. Жаутаңдап, сағынышын жеткiзгiсi келедi. Әйтсе де, сондағы тiлшi бiткен Бейбiттi ағылшынша сөзге тартып, жеңiстен кейiнгi тамыр соғысын бiлдi. Ағылшынша шала сауатымыздың сәл ғана көмегiмен, келесi жекпе-жек өте тегеурiндi канадалық қарсылас Жан Паскальмен болатынын айтқанын ұқтық. Осыдан-ақ, Бейбiттiң жеңiске құштар екендiгiн байқамайсыз ба?! Оның жекпе-жегiн арнайы көруге келген Жан Паскаль да Бейбiттi сәттi жеңiсiмен құттықтады. Ал, жасы қырыққа тақап қалған Дэнни Сантяго болса қанға боялған бетiн сүртiп тұрып, өзiн «зейнетке» ерте аттандырған Бейбiтке разылығын бiлдiрiп, құшағына қысты. Бейбiттiң атағы белiнде қалды. Жеңiс деп осыны айт!

 Жандос Байділда, 2011 жыл.

Бөлісу: