Қостанайлық студенттер медиацияның пайда болуына апельсин себепкер деп болжады

17 Сәуір 2019, 00:00 2614

Қостанайдың Достық үйінің мамандары Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық  университетінің  студенттері үшін медиация бойынша практикалық сабақ ұйымдастырды. 

Іс-шараның тренері - этносаралық қатынастар саласындағы сараптама және мониторинг бөлімінің бастығы Руслан Мырзағалиев.

«Сабақтың негізгі міндеті – курсты тыңдаушыларға медиация туралы білім беру және болашақта қызмет барысында туындауы мүмкін дау-дамайларды реттеуге дағдыландыру. Студенттер елде дау-дамайларды сотқа жүгінбей-ақ бейбіт жолмен реттеуге мүмкіндік беретін институттың барын түсінуі тиіс. Болашақ педагогтар үшін мұндай тәжірибе өте тиімді, себебі олар білім беру ұйымдарында жұмыс жасайды, өз әріптестерімен немесе оқушылармен, олардың ата-аналарымен  келіспеушіліктер туындаған жағдайда қиналмай-ақ  мәселенің шешімін табуға тырысады», - дейді тренер.

Студенттер үш топқа бөлініп, әрқайсысына практикалық тапсырма берілді.

Бірінші топ «Медиацияның шығу тарихы» тақырыбы бойынша баяндама әзірледі. Аңыз бойынша, екі ер азамат апельсин үшін дауласып қалады.  Біреуіне апелсиннің іші (жұмсағы) керек болса, екіншісіне қабығы қажет болған. Олардың дауына құлақ түрген патша ештеңе түсінбепті. Ал жиналған жұрт оларды сабырға шақырыпты, содан соң олар бір-бірін тыңдап, апельсинді бөліп алған. Ақыры, осыдан бастап хош иісті апельсин жемісі бітімгерліктің белгісі болып саналады-мыс.

Екінші топ медиаторға қойылатын талаптарға тоқталды. Студенттердің барлығы дау-дамайды бейбіт жолмен шешуге көмектесетін тұлғаның түсінігі мен адамгершілігі мол болуы керек және ол шыншыл, сыншыл, әділ,  өзгені тыңдап, өзін тыңдата алуы тиіс деген пікірлерін отаға салды.

Үшінші топ қазіргі қоғамда медиацияның қажеттілігін танытатын  жарнамалық компания әзірледі.

«Сондай-ақ, біз студенттердің дағдысын шыңдау мақсатында өндірісте туындаған шиеленісті жағдай ойластырдық. Кәсіпорын қызметі тоқтауға таяу, қызметкерлердің  жартысы  қысқартылған, екінші жартысының еңбекақысын азайтқан. Адамдар наразылық танытуда. Студенттердің міндеті – бұл дау-дамайды екі тарапқа да тиімді болатындай етіп шешу», - дейді Руслан Мырзағалиев.  

Тәжірибе қорытындысы бойынша болашақ педагогтар дау-дамайды реттеп,  қос тарапты мәмілеге шақырды. Студенттер өз жұмыс нәтижелеріне ризашылықтарын білдіріп, медиация негіздерін меңгеру қажетті дағды екендігіне көз жеткізді.

Бөлісу: