Қостанайдың жастары өзара интеллектуалдық сайысқа түсті

22 Қараша 2018, 03:39 1821

Қостанай қаласының Достық Үйінің ұжымы облыс орталығындағы бес жоғары оқу орындары студенттерінің арасында интеллектуалдық сайыс ұйымдастырды.

Облыстық Достық үйінде «Рухани жаңғыру» жобасын іске асыру аясында «Мәңгілік елім» зияткерлік ойыны өтті.

Аталмыш зияткерлік ойын студенттердің Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығын арттыруға, жастардың зияткерлік әлеуетін анықтауға, отансүйгіштікке және толеранттылыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Ойын бағдарламасы бірнеше кезеңді қамтыды. Алғашқысында студенттер Қазақстан тарихы, мәдениеті, саясаты және Қостанай облысының флорасы мен фаунасына қатысты сұрақтарға жауап беруге тиіс еді.

Студенттерге «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі өз жобаларын ұсынатын шығармашылық кезең ерекше есте қалды. Қазақ елінің рухани және мәдени құндылықтарын сақтауға және насихаттауға бағытталған  бұл байқау арқылы  білім алушылар маңызды мемлекеттік құжатты ой елегінен өткізуге мүмкіндік алды.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар теориялық және практикалық маңызға ие: студенттер Қостанай облысындағы этномәдени бірлестіктердің тарихымен, салт-дәстүрлерімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен, этносаясат саласындағы нормативтік құжаттармен танысады, ғылыми-зерттеу әрекетіне қызығушылықтары артады.

Сұрақтар мен тапсырмалар әр түрлі мазмұнда ұсынылды: аймақ картасымен жұмыс істеу, көрермендердің топ басшыларына сұрақ қоюы, «менің ойыным» бағдарламасы элементтерінің қолданылуы және т.б.

Ойын нәтижесі бойынша Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің  командасы бірінші орынға ие болды. Барлық қатысушылар дипломдармен марапаттылды.

Бөлісу: