Қостанайдың Достық үйіндегі жаңажылдық шырша этностильдегі ойыншықтармен безендірілді

28 Желтоқсан 2018, 10:57 3311

Қостанай қаласындағы Достық үйінде «Алақандағы өмір» қайырымдылық жобасы аясында қайырымдылық жаңажылдық ертеңгілік өтті.

Бір айта кетерлігі, жаңажылдық шырша кішкентай балалардың өз қолыдарымен жасалған этностильдегі ойыншықтармен безендірілді. Кеш соңында ойыншықтар аукционда сатылымға түсті. Жиналған барлық қаражат 9 жасар Мақсұт Қалаққа қажет есту аппаратын сатып алуға жұмсалатын болады.

Аталмыш медициналық аппаратқа қол жеткізілмеген жағдайда Мақсұттың есту қабілеті нашарлап, сөйлеуден де қалуы мүмкін. Жас қыран қазір арнайы интернатта білім алуда. Жерлестері қол ұшын созып, қажетті соманың бір бөлігін жинап берген. «Шырша ойыншығын өзіміз  жасап, сыйлайық» атты жаңажылдық байқауының қатысушылары да бұл қайырымдылық іске өз сүбелі үлесін қосты. Аукционнан түскен 250 мың теңге Мақсұттың ата-анасына тапсырылды.  

Қостанай облысының қалалары мен аудандарындағы балалар бар ынтасын салып бір ай бойы жаңа жылдық ойыншықтарды өз қолдарымен жасады.

Байқаудың негізгі талабы бойынша ойыншық белгілі бір ұлтттың болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін айқындауы тиіс еді. 

Нәтижесінде Достық үйінің шыршасы киіз үймен, неміс халқының рождестволық гүлдестесімен, орыс халқының избушкаларымен, матрешкаларымен, ұлттық нақыштағы қуыршақтармен, шерткіш, гном, ботақан, ақшақар, жапон стиліндегі шағын үймен, португалиялық әтешпен безендіріліп, көздің жауын алды.

Байқауға 86 бала қатысып, жұмыстарын ұсынған. Қостанай, Жітіқара, Лисаков қаласының, Селантьев ауылының балалары өз қолдарынан шыққан ойыншықтарын жіберген.

Ең жақсы ойыншықты таңдап алу мақсатында «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде дауыс беру ұйымдастырылды.

Оның қорытындысы бойынша Саид Ирада есімді он саусағынан бал тамған шебер көп дауыс (241 дауыс) жинап,жеңімпаз атанды.

Іс-шара соңына қарай ұйымдастырушылар ойыншықтарды сатылымға қойды, ата-аналар қауымы балалардың қолынан шыққан ойыншықтардың барлығын дерлік сатып алды.

Сол арқылы көмекке зәру 9 жасар Мақсұт Қалақтың арманы тағы бір қадам жақындай түсті.  

Бөлісу: