Қостанайдың Достық үйі Бейімдеу орталығына 30 литр тосап пен тұздалған үй тағамдарын тарту етті

20 Наурыз 2019, 01:53 2556

Қостанай облысының Достық үйінің ұжымы қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балаларды бейімдеу орталығындағы отбасыларға 30 литрден астам тосап пен тұздалған үй тағамдарын тарту етті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шашу» қайырымдылық акциясы аясында Бейімдеу орталығында тұрып жатқан жандардың мерекелік дастарқаны үй тағамдарымен толықты.

«Дарения варенья» идеясын облыстық Аналар кеңесінің төрайымы  Шушаник Саркисян ақпан айында өткен Кеңес отырысында ұсынды.

«Бұл игі бастаманың негізгі мақсаты – Наурыз мерекесі қарсаңында балалар мен олардың аналарына көңіл бөлу. Мұндай жандардың үй тағамдарын  дайындауға  мүмкіндігі бола бермейді, сондықтан осы дәмді тағамдар арқылы оларға  жан  жылуын жеткіздік», -  дейді облыстық Достық үйінің мониторинг және сараптама бөлімінің маманы Людмила Ковальчук. 

Бейімдеу орталығының тұрғындары ерекше сыйлықтарды қуана қабылдады, себебі олар мерекелік дастарқанның дүкеннен сатып алынған дайын тағамдардан бөлек, үй тағамдарына толғанын қалайды.

«Біздің көңілімізді көтеріп, қолдау көрсеткен облыстық Достық үйінің ұжымына  барлық әйелдер мен балалардың атынан алғысымды білдіремін. Бұл бір реттік көмек емес, олар бізге әрдайым  қолдау көрсетеді. Біз әрбір мерекені облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұжымымен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен  бірге атап өтеміз, бұл бізге деген  ізгі қарым-қатынас және біз мұны бағалаймыз», - деді мекеме директоры Ділмұхамед Спанов.

Бейімдеу орталығының тұрғындары дастарқанды  дәмді тағамдарға толтырып, Наурыз мерекесін қарсы алды. Белгілі бір орынды  ұлттық нақышта безендіріп, кілем жайып, тіпті киіз үй орнатыпты. Достық пен бірліктің белгісіне айналған сары алтындай бауырсақ пен дәмі тіл үйірер тосаптан дәм тату үшін ақ жаулықты әжелер, аяулы аналар, жайдары балалар мерекелік дастарқан басына жиналды.

Бөлісу: