Қостанайда украин қауымдастығының 25 жылдығына орай шахмат пен дойбыдан турнир өтті

12 Қыркүйек 2018, 05:02 1511

Қостанайдағы Шахмат клубында Достық үйі мен украин қауымдастығы бірлесіп шахмат пен дойбы ойнаудан турнир ұйымдастырды. Жарысқа 50 спортшы қатысты.

Турнирді облыстық шахмат федерациясының вице-президенті, украин қауымдастығының мүшесі Валерий Вишниченко құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік, жақсы ойын және көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Украин қауымдастығының төрағасы, гроссмейстер Петр Костенко биылғы жылдың қауымдастық үшін мерейлі жыл екендігін және қауымдастықтың 25 жылдығына орай біршама мерекелік іс-шаралар өтетіндігін жеткізді. Оның бірі – қатысуға ниет танытқандардың барлығы атсалысқан шахмат-дойбы турнирі.

Петр Костенко қатысушыларды мерекемен құттықтап, ойынның адал өтуіне тілек білдірді. Гроссмейстердің өзі кеңесші болды. Ол ойын барысын қадағалап, ойнау жолдарын көрсетті. Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломдармен марапаттап, сыйлық табыстады. 

Жеңіске деген ұмтылысы үшін Әнуар Мұсаев марапатталды. Ардагерлер арасында арнайы сыйлыққа Сыздыков Қайырбек ие болды. 

Украин қауымдастығының белсенді мүшесі, дойбы ойыны бойынша спорт шебері Юрий Бондаренко дойбы ойыншылары үшін бәсекелестік тудырды. Соңында өзі турнир жеңімпазы атанды. Дойбы ойнау шебері Иван Козьма екінші орынға, Айдархан Бегалиев үшінші орынға ие болды. 

Бөлісу: