Қостанайда Қазақстан ұлттық театрларының V республикалық фестивалі өтті

23 Тамыз 2019, 18:20 2082

Үш күнге жалғасқан іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. 

Аталмыш шара түрлі этнос өкілдерінің қазақ жеріне жер аударғандарына 75 жыл толуына және "Жастар жылына" орай өтті.

Шараның мақсаты - мәдени фестиваль алты тілде жұмыс істейтін театрлар арасында тығыз байланыс орнату, репертуар сараптау, өнер ұжымдарының шығармашылық ізденістерін бағалау мен түрлі ұлттың мәдениетін көпшілікке таныстыру.

Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Қостанай облыстық орыс драма театры, Шымкент қалалық өзбек драма театры, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрлары өз ана тілдерінде қойылымдар ұсынып, актерлер мен режиссерлер тәжірибе алмасты.

Қазылар алқасының төрағасы – театр сыншысы, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек болса, қазылар алқасының мүшелігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Наталья Жұмаділдаева, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Михаил Токарев, театртанушы, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Халықаралық театр сыншылары ассоциациясының мүшесі (IATC) Анар Еркебай, театр актері әрі режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Nomad City Hall» МКҚК-ның бас режиссері Сайлау Қамиев жұмыс істеді.

Фестивальдің жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұрболат Наржанов қатысып, театр ұжымдарын Қазақстан ұлттық театрларының V республикалық фестивалінің табысты өтуімен құттықтады.

«Бұл игі шара – Ұлы Дала елін мекен еткен этностардың өнері мен мәдениетінің өркендеп дамуының айқын көрінісі. Этносаралық бірлік пен татулықты нығайта отырып, театр өнерінің жандануына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Сондай-ақ театрлар алдында тұрған мақсаттар туралы пікір алмасылып, ұлттық театрлардың репертуарын байытуға, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне мүмкіндік жасалды деп ойлаймыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кез-келген этностан шыққан отандасымыздың әлемдік өнерге, әдебиет пен спортқа қосқан үлесін мақтан тұтатынын атап өткен болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мәдениеттің елдегі бүкіл этностардың мәдени құндылықтары арқасында қалыптасатынына терең мән беріп отыр. Осы орайда мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда өнер ошақтары – театрлардың маңызы зор. Өйткені, олар өз көрермендеріне мәдени тәрбие берумен қатар, өз ұлтының тұрмыс-салтын, тарихы мен мәдениетін танытатын ағартушылық миссияны жүзеге асырады. Сондықтан, фестиваль қатысушыларына, ұйымдастырушыларға, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке ризашылығымызды білдіреміз!» – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұрболат Наржанов.

Бөлісу: