Қостанайда 115 млн теңге жымқырған алаяқ ұсталды

12 Қазан 2022, 15:30 1480

Ұсталған азамат бұрын істі болған

Қостанай облысында 115 млн теңгеге алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қостанайлық полицейлер 115 млн теңге көлеміндегі қаражатты жымқырды деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол 35 жастағы бұрын істі болған азамат екені анықталды. 

– Екі жыл бұрын күйеуім колонияда жазасын өтеп жүрген кезінде маған қоңырау шалып, оның өте жақсы досымен кездесуім керек екенін, оның шаруасы бар екенін айтты. Сол күні күйеуім әңгіме қылған адам маған хабарласты. Біз бизнеспен айналысуды шештік. Жұбайым оған қатты сенгендіктен, менде еш күмән болған жоқ. Сондықтан мен оған бірден қолма – қол 1,3 млн теңге бердім, – дейді 50 жастағы жәбірленуші. 

Бірнеше айдан кейін жәбірленуші әйелдің жұбайы колониядан босатылып, үйіне келді. Олар шетелде көмір сатумен айналысты. Өз кезегінде, жәбірленуші үнемі отбасылық қаражатын салып отырған, бірінші жылы өзінің жинаған 40 млн теңгесін берді, ал 2021 жылы пәтерді сату арқылы тағы 40 млн теңгесін қосты. Бұдан бөлек алаяқ Қостанайдың 35 жастағы тұрғынын да алдаған.​ Ол бірлескен бизнес үшін деп 35 млн теңгені иеленген. 

– Екі жәбірленуші осы жылдың қыркүйегінде полицияға жүгінді. Күдікті жасырынып жүрді. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полицейлер оның орналасқан жерін анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды, – дейді Қостанай қаласы Полиция басқармасының тергеушісі Дәулет Батырханов. 

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық жасау, яғни алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлау) бойынша ер адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бөлісу: