Қостанай облысының жастары аймақтағы киелі жерлерді аралады

5 Қыркүйек 2019, 17:01 3393

Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшелері мен  жоғары политехникалық пен медициналық колледждердің білім алушылары мен А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бірінші курс студенттері аймақтағы төрт рухани нысанды аралап қайтты.


Сапарларын Ыбырай Алтынсариннің кесенесінен бастаған жастар ерекше әсерге бөленді. Ұлы дала елін біліммен сусындатқан Ұлы ағартушыны еске алушылар көпшілік. Сондықтан бұл жерде тазалық сақталады, жайқалып өскен алқызыл гүлдер әсемдік сыйлайды. 2017 жылы қалпына келтірілген кесене бүгінде Қостанай облысының киелі жерлер картасына енгізілген.

«Ал, бұл – қоңырау, кесенеге кірмес бұрын, оны соғу қажет, кез келген мемлекеттің қуаты білім мен ғылымда, сондықтан, бұл қоңырау – елдіктің белгісі», - дейді Валерий Гумиров. 


Кесенеден шыққан жастар Омар құдығына жол тартты. Осы құдықтың айналасында 18-19 ғасырларда Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа би өмір сүрген. Ал, Ыбырай Алтынсарин қазіргі Щербаков ауылдық округі Сатай ауылының маңындағы Қошан мезгілі деген жерде дүниеге келген.

«Қазақ халқы үшін суы тұщы құдық – молшылықтың белгісі, сондықтан Қазақстан аумағындағы жер аттарына құдық сөзі қосылып айтылған. 1991 жылы құдыққа қима салынып, «Ыбырай Алтынсариннің туған жері» деген жазуы бар мәрмәр тақта орнатылды», - дейді Щербаков ауылдық округіндегі Ардагерлер кеңесінің төрағасы  Балабай Қасымов.


Содан соң жастар Алтынсарин ауданы, Ілияс Омаров ауылдық округі, Қызыл әскер ауылындағы 2000 жылы салынған  Жазы би кесенесіне бет бұрды.

«Жазы би Жанұлы тарихқа Шоқан Уәлихановтың әкесі полковник Шыңғыс ханның бас қолдаушысы ретінде енген. ХІХ ғасырдың 1920-1940 жылдарындағы Ресейдің Қазақстан даласына жасалған экспедициялардың барлығы Жазы би Жанұлының қатысуымен өтетін. Жазы би экспедиция кезінде бес жүз сарбазы бар жасақты басқарған, оның екі жүзі казактар, ал үш жүзі қазақтар болған. Жазы би туған жерінің шекарасының тұтастылығы үшін күрескен. Жазы би халық ауыз философиясының, тарихтың, Қазақстан географиясының көрнекті білгірі ретінде мәңгілікке сақталып қалады», - дейді тарих пәнінің мұғалімі Төремұрат Ағыбаев.


Шоқай би Балқанұлының жерленген орнына барған жастар таңқалысын жасыра алмады.  

«Шоқай би Балқанұлы өзінің әділ төрелігі, шешендігімен белгілі болған. Оның күні бұрын айтқан сөздері, болжам-жорамалдары орындалған.

Сол себепті оған адамдар бірнеше мыңдаған шақырым  жерлерден келіп, жаңа туған нәрестеге ат қойғызып, ризашылықпен батасын алған, араздасушылар дауларын шештірген. Осы уақытқа дейін оның зиратының басын халық  қажылық орны ретінде санайды» - дейді Шоқай бидің ұрпағы Рахат Тілеуов. 

«Мен ғажайыптарға сене қоймаймын, алайда балалары көтеріп әкелген  қарт кейуананы өз көзімен көрдім. Қарт ана бұл жерден тік шықты, тіпті қолына таяқ та ұстаған жоқ», - дейді жергілікті гид.

Экспедиция соңында жастар табиғат аясында дастарқан жайып, сары самауырдан хош иісті шай ішіп тарқасты.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Әсем Жұмабекова
Бөлісу: