Қостанай облысында көліктен 100 киллограммнан астам марихуана табылды

1 Қыркүйек 2022, 18:39 1327

Жыл басынан бері Қостанай полицейлері заңсыз айналымнан 170 келіден астам түрлі есірткі затын тәркіленді

Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора 2022» жедел алдын алу шарасы аясында өңірге есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«31 тамызда жедел іс-шаралар өткізу кезінде Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолының 107 шақырымында Lada Largus автокөлігін жүргізген Қарабалық ауданының 46 жастағы тұрғыны тоқтатылған. Тінту барысында көліктің салонынан өсімдік тектес зат салынған үш қап табылған. Сараптама бұл заттың салмағы 100 келіден асатын кептірілген марихуана екенін көрсетті. Алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде аталған есірткінің ірі партиясы облысқа еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілгені анықталды», - дейді бөлімше бастығы Асылбек Әлмағамбетов.

Айтуынша, есірткі облыс аумағында тарату мақсатында жеткізілген.

«Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау, ірі және аса ірі көлемде өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды», - деп атап өтті Асылбек Әлмағамбетов.

Жыл басынан бері Қостанай полицейлері заңсыз айналымнан 170 келіден астам түрлі есірткі затын тәркіленді.

«Қарасора 2022» жедел алдын алу іс-шарасының мақсаттарының бірі – еліміздің басқа өңірлерінен есірткі жеткізу және өткізу арналарының жолын кесу. Бұл мақсатта облыста арнайы құрылған мобильді топтар жұмыс істейді.

Бөлісу: