Өскемендіктер газ жұтып, радиация басып жүр

10 Қазан, 18:19 463

Елімізде жерінің үсті де, асты да қауіпті бір қала бар болса ол – Өскемен. Бұл қаланың халқы ұзақ жылдан бері газ жұтып, радиацияны басып жүр.

Жерінің үсті дегеніміз түсінікті шығар. Түсті металлургияның алпауыт кәсіпорындары шоғырланған Шығыстың бас шаһарындағы экологиялық ахуал ежелден нашар екені белгілі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі былтыр еліміздегі ауасы ең лас қалаларды атағанда Қарағанды, Теміртау, Алматымен бір қатарда Өскемен де болған. Бұл әрине жалпақ жұртқа жаңалық емес. Алайда осы ауасы лас қаланың аумағында радиоактивті қалдықтар көмілгенінен тұрғындар хабардар ма? Радиоактивті дағы бар топырақты күнде басып жүргенін адамдар білме ме екен? Қайдан білсін, өйткені тиісті орындар қауіпті қалдықтар көмілген аумақтарға әлі күнге белгі қоймаған. Жерінің асты да қауіпті дегеніміз осы. 

Зиянды заттар қайдан келді?

Бұл радиоактивті дақтар облыс орталығында өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері бар. Нақтырақ айтсақ, атом өнеркәсібіне қажетті түрлі зерттеулер жүргізген «КалбаОлово» фабрикасынан қалған деседі мамандар. Заманның кең кезінде фабикадан шығарылған зиянды қалдықтарды залалсыздандыруға ешкім асықпаған, қала шетіне апарып жинай берген. Кейін фабрика жұмысы тоқтап, кәсіпорын толық жойылады. Оның орнына тұрғын үйлер бой көтереді. Ал зиянды қалдықтар жатқан топырақ қаланың әр шетіне апарып төгіледі. Уақыт өте Өскеменнің аумағы кеңейгенде қауіпті жерлер орталықта қалып, қазір ол маңда  адамдар тұрып жатыр.

Радиоактивті дақтар туралы дерек алғаш рет 1989 жылы Өскеменде жүргізілген радиоэкологиялық зерттеулер барысында анықталған. Сол кезде тұрғын аумақтан барлығы 80-дей дақ табылған. Бұл қауіпті учаскелерді залалсыздандыру 1991-1992 жылдары белсенді жүргізіледі. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты жұмыс ұзаққа бармай тоқтап қалады

Екі мыңыншы жылдардың басында «Экосервис-С» ЖШС мамандары «Өскеменнің ғылыми негізделген экологиялық төлқұжатын әзірлеу» бағдарламасы аясында қаланың радиоактивтілік картасын жасаған, нәтижесінде зиянды аумақтар саны 200-ден асатынын мәлім етті. Аталған ошақтардың топырағын жинап алып, адам аяғы баспайтын жаққа апарып көму үшін сол кезде шамамен 890 миллионнан астам теңге қажет еді. Ондай басы артық қомақты қаражат жергілікті бюджетте қайдан табылсын? Сөйтіп билік 2006 жылдан бері жыл сайын бір радиоактивті дақты залалсыздандырып келеді.

Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы адамдардың денсаулығына қауіпті аумақтарда залалсыздандыру жұмысын жүргізу үшін Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне 900 млн теңге көлемінде қаржы сұрап 2013 жылға бюджеттік өтінім жібереді. Республикалық бюджеттік комиссия 2013 жылға қаржыны бөлуден бас тартады. Іле-шала 2014-2016 жылдарға тағы да өтінім жолданады.

Жергілікті билік жыл сайын бір ғана радиоактивті дақты жойып келді дедік. Атқарылған жұмыстарға зер салсақ, 2006 жылы Бабкина Мельница ауданындағы Отдельная көшесінің зиянды топырағы сыртқа шығарылса, 2007 жылы Нефтебаза ауданындағы Попов көшесі, 2008 жылы политехникалық колледждің аумағы тазартылған. Ал 2009 жылы Новаторлар және Питер Коммунарлары көшелерінің тұрғын аумағынан 70 текше метр радиоактивті топырақ пен қалдықтар арнайы қоймаға жөнелтілген. 2010 жылы қаржы тапшылығына байланысты ошақтарды жою жұмыстары атқарылмады, тек Комендантка арнасының бойында радиометрикалық зерттеу жүргізіліп, арнайы карта жасалады. 2011 жылы бірінші қалалық аурухананың маңында, 2012 жылы Новаторлар көшесі №8 тұрғын үйдің ауласында залалсыздандыру жүргізіледі. Жалпы, кейінгі он жыл көлемінде бюджет есебінен барлығы 12 радиоактивті дақ жойылған.

«Экосервис-С» мамандарының айтуынша, радиоактивті дақтардың 90 пайызы топырақ құрамынан табылса, қалғаны ғимараттардың астында қалған немесе құрылыс материалдармен бірге араласып кеткен. Мәселен, қаладағы музыка мектебін салғанда қолданған қоймалжың цементтің құрамында радиация болған екен. Сол секілді политехникалық колледждің акт залындағы сахнаның астындағы топырағынан да зиянды қалдықтар анықталған.

Қаладағы ең ірі радиоактивті ошақ Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің маңында орналасқан. Мұндағы жер бетіндегі экспозициялық дозаның қуаты сағатына 130 микрорентген, ал белгілі бір аймақ үшін радиацияның табиғи деңгейі сағатына 12-14 микрорентген мөлшерінде ғана. Университет аумағын заласыздандыру қажеттігін облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары 1991 жылы ескерткен. Бұл маңда зиянды топырақты қазу жұмысы әлі аяқталмаған. Мысалы, 2020 жылы екі бірдей дақты жою үшін 80 миллионнан астам теңге бөлінген.     

Кейінгі бірнеше жылда облыс орталығының халық саны өсіп, қала аумағы айтарлық кеңейген. Сол себепті улы топырақ пен зиянды қалдықтардың көмілген орындары қаланың әр бұрышында қалды. Радиоактивті қалдықтарды залалсыздандырумен айналысатын өңірдегі жалғыз мекеме – «Экосервис С» ЖШС мамандары соңғы рет зерттеу жұмысын 2004 жылы жүргізген. Зерттеу барысында көптеген қауіпті аймақ анықталған. Бірақ сол зиянды жерлердің қайда орналасқанын ешкім білмейді. Дұрысы, қарапайым халық радиоактивті қалдықтар көмілген жерлер туралы тек сол аймақта залалсыздандыру жұмысы басталған кезде бірақ біледі.

Алексейдің арызы Жоғарғы сотқа дейін жетті

Өскемендік құқық қорғаушы Алексей Божков зиянды дақтары бар аумақтардың бәріне сәулелену деңгейі көрсетілген белгі орнату қажеттігін айтып облыстың экология департаментіне арыз жазған.

Бұл менің және отбасымның, туғандарымның, жалпы қала халқының денсаулығына, өміріне тікелей қатысты мәселе. Әрине, көптің атынан сөйлемей-ақ қояйын, дегенмен кез келген тұрғын қауіпті дақтар қай жерде, олардың аумағы, сәулелену деңгейі қаншалықты екенін білуге тиіс. Сонда біз ол жерлермен жүруге бола ма, жоқ па білеміз. Мәселен, Өскемендегі ең ірі радиоактивті қалдықтар көмілген студенттер қалашығы маңында балабақша бар. Ал сол аумақтың балалар денсаулығына зиянды еместігіне кепілдік бар ма? – дейді құқық қорғаушы.

Алексейдің бейінді мекемеге жолдаған арызы бюрократиялық бұралаң жолға түсіп, басқармалар мен департаменттерді аралап кетсе керек. Экология департаменті арызды санитарлық-эпидемиологиялық басқармаға, ал ол оны табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, ондағылар келесі бір басқармаға сілтеп біраз әуре-сарсаңға салған. Бір қызығы аталған басқармалар мен департаменттер бұл маңызды мәселемен қай мекеме айналысуы керектігін нақты айта алмаған.

Амалы таусылған Алексей Божков мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеген арызына тиісті жауап алуды талап етіп сотқа жүгінеді. Бірінші инстанциядағы сот арызданушының талабын қанағаттандырмағанымен аппеляциялық сотта жауапты мекеме анықталады. Экологиялық кодекске сәйкес ертеректе ластанған жерлерді анықтау, бағалау және оны жоюмен жергілікті әкімдік айналысуға тиіс.

Өскемен қаласы әкімінің атына жазылған арызда құқық қорғаушы радиоактивті дақтардың шекарасын белгілеуді және осы иондаушы сәулеленудің көзі болған қауіпті аумақтарды БАҚ-та жариялауды талап етеді. Қала әкімдігі арызданушының талабын орындау мүмкін емес екенін, өйткені ластанған нысандардың мемлекеттік тізілімі жоқтығын алға тартады. 

Заң бойынша елімізде радиоактивті ластануға қатысты кез келген ақпарат құпия саналмайды. Керісінше көпшілік көріп, таныса алатындай ашық, жария түрде болуы керек. Ал біздің мемлекеттік органдар заңның талаптарын сақтамай отыр. Әдетте ашық, халықтың үнін еститін, әділетті әрі құқықтық мемлекетте мұндай жағдай үшін соттасып жүргенімнің өзі ұят нәрсе. Сотқа жеткізбей-ақ шешілетін мәселе, – деп кейіді Алексей Божков.

Дегенмен әділдіктен гөрі әурешілігі, заңдылықтан гөрі бюрократиясы басым мемлекеттік органдармен мәселені басқа жолмен шешу мүмкін еместігін айтады заңгер. Бұл сөзімізге дәлел, қала әкімдігі мен құқық қорғаушының арасындағы текетірес Жоғарғы сотқа дейін жетіп, ақыры фемида өкілдері арызданушының талабы орынды деген үкім шығарған. Сөйтіп Жоғарғы соттың шешімімен Өскемен әкімдігі қаладағы радиациялық аумақтарды толық залалсыздандыруға және қауіпті аумақтарға арнайы белгі орнатуға міндеттелді. «Қала әкімдігі өз міндетін орындады ма, жоқ па?» деген сұрақты құқық қорғаушыға қойған едік. 

Соттың шешімі күшіне енген кезде мен әкімдікке сауалхат жолдадым. Қандай жұмыстар атқарылатынын сұрадым. Олар маған әуелі қаржыландыру мәселесін шешіп алу қажеттігін айтты. Одан кейін мердігерді анықтау керек деді. Не істеліп, не қойғанын әкімдіктің өзінен сұрасаңыз болады, – деп жауап берді Алексей Божков.

Өскемен қаласының әкімдігіне хабарластық. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетовтің айтуынша, қазір радиоактивті қалдықтар көмілген жерлерге зерттеу жүргізіліп жатқан көрінеді.

Қазір сала мамандары мен ғалымдардан жасақталған жұмыс тобы радиоактивті қалдықтар көмілген жерлерге зерттеу жүргізіп жатыр. Нәтижесінде қаладағы радиоактивті ошақтардың жалпы картасы әзірленіп, атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалады. Келер жылы қажетті қаржы бөлініп, жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылады, – деді Әлібек Тұрсымбетов.

Радиациялық сәуле қаншалықты қауіпті?  

«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ төрағасының орынбасары, онколог-дәрігер Бақытжан Оңғарбаев қалалардағы ірі-ірі өндіріс ошақтары мен бұрынғы Семей полигонын өңірдегі қатерлі ісік ауруының туындауына әсер ететін факторлардың бірі ретінде атайды.

Сондай-ақ мамандар Қызылорда облысында онкологиялық аурулардың кең етек алуына экологиялық апат аймағына айналған Арал теңізі мен Байқоңыр ғарыш айлағының әсері барын айтады.

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Демек Өскеменнің әр бұрышына көмілген радиоактивті қалдықтардан тарайтын сәуле адамдардың денсаулығына зиян шектірмейді деген уәжбен келісу қиын. Егер сәулелену деңгейі тым жоғары болса ол адам өміріне өте қауіпті.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында қатерлі дертке шалдыққандар мен айықпас аурудан көз жұмғандар көбейген. Ресми статистикаға сүйенсек, кейінгі жиырма жылда елде онкологиялық науқастар 25%-ға көбейген, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы қатерлі ісік анықталған адамдар саны бойынша республикада Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен бірге көш басында тұр. Жыл сайын өңірде онкологиялық ауруға шалдыққан 2500 адам анықталады, ал жалпы диспансерлік есепте тұрғандар саны 13 мыңнан асады.

Кейінгі бес жылда облыста қатерлі дерттен көз жұмғандар біршама азайды. Алайда ауруға шалдыққандар саны өсті. Науқастардың көбеюіне ерте диагностикалау, скринингтік бағдарламалар мен медициналық тексерулер әсер етті. Ауруды ерте анықтау арқылы ем-дом жүргізу өз жемісін бере бастады. Онкологиялық аурудың түрлері туралы айтсақ, бірінші орында сүт безі обыры болса, одан кейін өкпенің, асқазанның қатерлі ісігі, колоректальді обыр тұр. Біздің жүргізген зерттеулер нәтижесінде онкологиялық ауруларға егде адамдар көп шалдығатыны анықталды. Сол сияқты өнеркәсіп орындары шоғырланған өңірлерде де қатерлі ісікпен ауыратындар көбірек кездеседі, – ден түсіндерді Шығыс Қазақстан облысының Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры, өңірдің бас штаттан тыс онкологы Гүлмира Сағидуллина.    

Оның айтуынша, адамдардың онкологиялық ауруға шалдығуына салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау, тазалықты сақтамау, шылым шегу, спирттік ішімдік ішу сияқты жағымсыз әрекеттермен қатар экологияның да жанама әсері болады. Әсіресе, ауаға таралып жатқан улы газдар өкпенің қатерлігі ісігін тудыратын көрінеді.

Өскеменнің қоғам белсенділері мен экологтары «радиацияның үстінде тұрып жатырмыз!» деп дабыл қаққалы да мінеки ондаған жыл өтті. Биліктегілер болса топырақ астындағы қалдықтар адам өміріне қауіп төндірмейді дейді. Бұл қалдықтар кезіндегі атом өндірісінен қалғанын ескерсек, полигонның зардабын әлі күнге тартып келе жатқан халыққа радиациялық сәулені зиянсыз деу ақылға қона қояр ма екен?!

Қуан Сейіт
Бөлісу: