Өскемен қаласында полиция қызметкерлері пәтер ұрлығының бетін ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер басқа өңірден келіп, ұрлықты алдын ала жоспарлаған. Олар құлыпқа кілт таңдап, көпқабатты үйдегі пәтерлердің біріне заңсыз кіріп, екі ноутбук, зергерлік бұйымдар және басқа да бағалы заттарды жымқырған. Келтірілген шығын мөлшері 1 350 000 теңгені құрайды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарға сақтық шараларын ұстанудың маңыздылығын ескертеді.
Үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сенімді құлыптарды қолданып, бейнебақылау жүйесін немесе дабыл қондырғысын орнатқан абзал. Сонымен қатар аулада немесе уйге кіреберісте күдікті адамдар байқалса, оларды назардан тыс қалдырмай, қажет болған жағдайда полицияға хабар беру керек.