Өсімдіктерді коммерциялық мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлер келесі жылдан бастап төлемақы төлейді

23 Мамыр 2023, 16:22 1562

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап өсiмдiктер дүниесiн арнайы пайдалану тәртiбiмен өсiмдiк ресурстарын пайдалану үшiн төлемақы төленетін болады. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өсiмдiктер дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы мөлшерлемелерiн жергiлiктi атқарушы органдардың есеп-қисаптары негiзiнде жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейдi. Нарықтық бағалар мен оларды жинауға, қайта өңдеуге, тасымалдауға және өндiруге кеткен шығындардың сомасы арасындағы айырма ретiнде белгiленедi. Өсімдік ресурстарының нарықтық бағасы өсімдіктер дүниесін пайдалану орнында оларды жаппай жинау маусымында белгіленеді. Жабайы өсімдіктердің жекелеген түрлері үшін төлем ставкаларының деңгейі пайдаланудың нақты еңбек сыйымдылығына байланысты болады, - деді ол.

Құтпанбаевтың дерегінше, белгіленетін өтемақы мөлшері жаңғақтар, жемістер мен жидектердің барлық түрлері үшін нарықтық бағаның 40% немесе 30%-дан төмен болмауы керек. Ал мүк, орман алқабы, құлаған жапырақтар, қамыс үшін төлем оның нарықтық құнының 20%-ын құрайды.

Өсімдіктер дүниесін пайдаланушылардың коммерциялық мақсаттарында реттеусіз пайдалану өсімдіктердің деградациясына әкеледі. Соның кесірінен адам денсаулығына, азық-түлік өнімдерінің сапасына кері әсерін тигізуде. Бұған дейін жабайы өсімдіктерді жинау үшін төлем тек мемлекеттік орман қорының аумағында болды. Іс жүзінде 2023 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағындағы емес өсімдіктер дүниесінің айналымы мәселелері заңмен реттелмеген. Сондықтан басқа жерлердегі жабайы өсімдіктерді жинау үшін ақы алынбаған, - деді ол.

Оның пікірінше, орман қоры аумақтарынан тыс жерде өсімдіктер дүниесін пайдаланғаны үшін төлемді енгізу өзекті мәселе. Бұл ретте мемлекеттік меншіктің өзге де объектілерін, яғни жер және оның қойнауы, су, жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар пайдаланғаны үшін заңнамада мемлекет пайдасына төлем белгіленген.

Өсімдіктер дүниесін коммерциялық мақсатта пайдалану үшін төлем алынатын болады. Төлем мөлшері осы ресурстардың табиғи қорлары, таралуы, құндылығы, молайту мүмкіндігі, өнімділігі ескеріле отырып белгіленеді. Өсімдіктер дүниесін жеке және тұрмыстық мақсатта жалпы пайдалану тегін жүзеге асырылатын болады, - деді ол.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: