Орыс тіліне қарағанда қазақ тілін жақсы білемін – Елена Рыбина

1 Мамыр 2023, 13:40 3752

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы журналистер мен сарапшылар клубының жетекшісі Елена Рыбина еліміздің басты байлығы – тұрақтылық пен бірлікте екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстандықтардың бір-біріне деген қарым-қатынасы елдің болашақ дамуына үлкен әсер етеді. «Тірлік, тірлік түбі – бірлік» деген мақал бар ғой. Сондықтан барлығымыз үнемі айналадағыларға көмек көрсетіп, қиын жүкті бірге жұмыла көтерсек, ол іс әрине келешекте өзінің жемісін береді – деді Елена Рыбина.

Ол қазақ тілін кішкентай кезінен бастап меңгерген. Қазақ тілін үйренуіме өзімнің мектептегі ұстаздарым ықпал етті деп отыр.

Себебі олар мені өзге ұлт өкілдері арасында мәнерлеп оқу жарыстарына үнемі қатыстыратын. Сол кезде қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтатынмын. Оның ішінде Абай Құнанбаев, Сыр өңірінен шыққан Әбділдә Тәжібаев сынды ақындардың өлеңі бар, - дейді сарапшы.

Елена қазақ тілін білу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады дейді. Өзі екі тілді қатар алып жүруге тырысады екен.

Бірақ негізгі тілім – қазақ тілі. Оны еш қысылмай айта аламын. Өзім орыс болсам да орыс тілін жақсы білмеймін. Сондықтан қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілі ретінде қоғам арасында көбірек таныла бастадым, – деді Елена Рыбина.

Оның жолдасы да қазақ тілінде еркін сөйлейді. Екеуін Еленаның қазақ құрбысы таныстырған.

Бір күні құрбым маған «Күйеуімнің бір орыс досы бар. Ол да сен сияқты қазақша күшті сөйлейді. Сендерді таныстырайын» деп ұсыныс жасайды. Сөйтіп, таныстық. Болашақ жарыммен 2 жыл кездесіп, кейіннен үйлендік. Биыл екеуміздің отбасы құрғанымызға 10 жыл толады, – деді Журналистер мен сарапшылар клубының жетекшісі.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: